Вернуться к списку статей

Көшбасшы мен аутсайдер – Левандовскидің бағасы Қазақстан құрамасынан бес есе қымбат

Футбол
1K
Көшбасшы мен аутсайдер – Левандовскидің бағасы Қазақстан құрамасынан бес есе қымбат
Бүгін Варшавада Польша – Қазақстан кездесуі. 2018 жылдың іріктеу турнирі аясында өтетін бұл кездесуде командалар не көрсете алады? Әлеуеттеріне жүгініп, өткен ойындарын салыстырып көрейік.

Жетінші топтағы жағдай

Қазақстан мен Польша командалары 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде «Е» тобында. Екеуі де 7 ойыннан өткізген. Польша турнир кестесінің көшбасшысы, ал Қазақстан аутсайдері. Польшада 16 ұпай, ал екі кездесуде ғана тең ойнаған жерлестерімізде 2-ақ ұпай. Өткен жылы дәл осы күні «Астана-Аренада» пандардан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, тең есепті жұлып алғанбыз.

Футболшыларының құны

Transfermarkt,de сайтының мәліметі бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бағасы – 15,30 млн. евро, ал Польша құрамасындағы футболшыларының жалпы құны – 234,40 млн. евро. Қазақстанның ең қымбат ойыншысы Бауыржан Исламхан. Оның құнын әлгі сайт 1,8 млн. евро етіп көрсетіпті. Алайда, қызыл қағаз алып, алаңнан үш ойынға аластатылған Батори бүгінгі кездесуге қатыспайды. Сапта тұрған жігіттердің қымбаты – Юрий Логвиненко мен Дмитрий Шомко. Екеуінің де құны 1,2 млн. евродан. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Польшаның ең бағалы ойыншысы Роберт Левандовски біздің Исламханнан 40 есе, ал жалпы ұлттық құрамадан 5 есе қымбат, яғни 80 млн. евро тұрады.

Әлем чемпионаты – 2018

Польша

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасында 7 ойын өткізіп, бесеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түсіп, тағы біреуін ұтылып қалған. Барлығы 15 гол (әр ойында орта есеппен 2,14 голдан) соғып, өз қақпасына 11 доп (әр ойында орта есеппен 1,6 голдан) жіберіп алған. Жеті ойынның біреуінде ғана, яғни 1 қыркүйекте Дания қақпасына гол соға алмапты. Сондай-ақ, жеті ойынның біреуінде ғана қақпасына доп дарытпаған.

Жалпы, қарсыластарының қақпасына барлығы 105 соққы жасапты. Оның 38-і тура соққы. Осы жеті ойында 36 рет бұрыштама добын орындаған.

Польшаның осы ойындардағы доп иелену көрсеткіші 54 пайыз. Пас беруден де көрсеткіші жақсы. 3143 пас жасаған, оның 2712-сі адресатына дәл жеткен. Пастарының дәлдігі – 85 пайыз.

Жеті ойында 9 сары қағаз алған. Барлығы 72 рет ойын ережесін бұзып, 104 рет қарсыластарын тәртіп бұзуға мәжбүрлепті.

Қазақстан

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасында 7 ойын өткізіп, екеуінде тең түскенбіз, қалған бесеуінде жеңілістің кермек дәмін татыппыз. Барлығы 4 гол (әр ойында орта есеппен 0,57 голдан) соғып, қақпамызға 19 доп (әр ойында орта есеппен 2,7 голдан) жібергенбіз. Жеті ойынның төртеуінде қарсылас қақпасынан саңылау таба алмадық. Сондай-ақ, жеті ойынның біреуінде ғана қақпамызды голдан аман сақтап қалыппыз.

Жалпы, Қазақстан құрамасы қарсыластарының қақпасына барлығы 63 соққы жасапты. Оның 12-сі ғана қақпаға тура ұшқан. Осы жеті ойында 21 рет бұрыштама добын орындаған.

Жерлестеріміздің осы ойындардағы доп иелену көрсеткіші 48 пайыз. Пас беруден де көрсеткішіміз жаман емес. 2713 пас жасап, оның 2280-ін адресатына дәл жеткізген екенбіз. Пастарының дәлдігі – 84 пайыз.

Жеті ойында жерлестеріміз 22 сары қағаз, 2 қызыл қағаз алған. Барлығы 121 рет ойын ережесін бұзып, 70 рет қарсыластарын тәртіп бұзуға мәжбүрлепті.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика