Бұл – Қазақстан құрамасының 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы сегізінші ойыны. Біздің құрама бұған дейін жеті ойын өткізіп, бесеуінде ұтылды. Тек Талғат Байсуфинов бас бапкер болған кезде, екі рет өз алаңымызда тең түскен.
Осы жеті ойында төрт-ақ гол соғып, 19 рет өз қақпамыздан доп қармадық. Бір-ақ ойында ғана қақпамызға гол кіргізген жоқпыз. Ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов жаттықтырған кезде Румыниямен Астанада тең түскенбіз (0:0 есебімен).
Польша біздің құрама додаға түсіп жатқан «Е» тобында бірінші орында тұр. Бірақ өткен турда, 2 қыркүйек күні Копенгагенде Дания құрамасынан 0:4 есебімен оңбай ұтылып қалды. Бұл – олардың осы іріктеу турниріндегі бірінші жеңілістері. Әрі жеңіліс болғанда, қандай десеңізші?!
Даниядан ойсырай ұтылған Польша құрамасы – өте ызалы. Копенгагендегі ірі жеңілістерінің кездейсоқ нәтиже екендігін дәлелдеп, жанкүйерлері алдында ақталғысы келеді. Сондықтан, «Қазақстан құрамасын ірі есеппен ұтуымыз керек» деп жүргенге ұқсайды...
Кешегі матч қарсаңындағы баспасөз жиынында Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк «біз өз алаңымыздағы жеңілісті ұмытып, лайықты деңгейде ойнауға тырысамыз, жігіттер алаңда аянбай, сапалы ойын өрнегін көрсетулері керек» депті.
Ал Польша құрамасының бас бапкері Адам Навалка Копенгагендегі жеңілістерінен сабақ алып, қорытынды шығарғандарын, Қазақстан құрамасын тең жеңуді ойлайтындықтарын, әрі оған жан-жақты әзір екендіктерін тілге тиек еткен.
Роберт Левандовски бастаған Польша құрамасының ойыншылары да тек жеңіске жетіп, өз жанкүйерлері алдында ақталғылары келеді. Айтпақшы, Польша – Қазақстан ойынына Ресей мамандарының біразы өз пікірлерін білдіріпті (bookmaker-ratings.ru басылымына)...
Аталған сайтты сүзіп шықсаңыздар (оны біздің орыс тілді басылымдар да көшіріп басып жатыр), өздеріңіз де байқайсыздар, олардың бәрі де дерлік біздің құрама «поляктардан ойсырай ұтылады» деген пікірде. «Қазақстан өз қақпасына үш голдан кем жібермейді, осы үрдіс сақталады» дегендері де бар екен...
Атап айтқанда, Валерий Карпин, Евгений Ловчев, Максим Калиниченко сынды көрші елдің мамандары біздің құраманың ойсырай ұтылатындығына сенімді көрінеді. Ал Анатолий Бышовец «қазақ командасы ойыншылары арасында жұмыс қарым-қатынасын орната алмады» деп тұзы татитын пікір айтқан екен.