Вернуться к списку статей

Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Германия Бундеслигасына ауысты

Футбол
1K
Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Германия Бундеслигасына ауысты
Қазақстан жастар құрамасының сапында екі ойын өткізген германиялық Иван Саханенко неміс Бундеслигасындағы «Фрайбург» футбол клубына ауысты.

Бұған дейін 20 жастағы қорғаушы Германияның Оңтүстік/оңтүстік шығыс аймақтық біріншілігінде өнер көрсететін «Саарбрюкен» футбол клубында ойнаған. Енді Германияның Бундеслигасындағы «Фрайбургпен» үш жылдық келісімшарт жасасыпты. Алғашқы маусымын клубтың жастар құрамасында өткізеді, егер өзін жақсы жағынан көрсете алса, онда негізгі құрамға ауысады.

Жалпы, Ивана Саханенко Павлодар қаласының тумасы. Украиналықтың отбасында 1997 жылы дүниеге келген ол төрт жасында әке-шешесімен бірге Германияға көшіп кетіпті. Ол жақта Нойнкирхен қалашығындағы «Боруссияның» жасөспірімдер командаларында доп тебуді үйренген. Кейін «Саарбаркюркенге» ауысқан. Алаңда орталық қорғаушы ретінде де, жартылай қорғаушы ретінде де ойнай алады. Бойы – 194 см.


2015 жылы Қазақстан жастар құрамасына шақыртылған. Сол жылы жастарымызды баптаған Саулюс Ширмялис бұл ойыншыны Финляндия және Эстония жастарына қарсы ойындарда алаңға шығарып көрген. Бірақ ол жолдастық кездесулер болатын. «Фрайбургте» Германия азаматы ретінде тіркелгенімен немістің transfermarkt.de сайтында Қазақстан азаматы ретінде тіркеліп тұр. Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін кию жайлы өзінің бір сұхбатында Саханенко былай деген:

– Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді. Ол үшін өзімді әлі көрсетуім керек. Қазақстан жастар құрамасының сапында Эстония және Финляндияға қарсы жолдастық кездесулерде алаңға шыққанмын. Бірақ бұл әлі басы ашық мәселе болып тұр. Өйткені, құжаттарда проблема бар. Ресми ойындарда Қазақстан сапында алаңға шығуым үшін осы елдің паспортын алуым қажет. Алайда, Германияда қос азаматтыққа рұқсат берілгенімен Қазақстанда екі азаматтыққа жол берілмейді. Сондықтан, алдымен осы проблеманы шешіп алуым керек. Дегенмен, мен Германияның төлқұжатын сақтап қалғым келеді.

Айта кетейік, «Фрайбург» өткен маусымда Германия Бундеслигасында 7-орынды иеленген. Биыл екі турдан кейін бір ойында жеңіліп, біреуінде тең түсіп, жалқы ұпаймен турнир кестесінде 18 команданың ішінде 15-ші сатыда тұр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика