Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Бүгін "Астана" барша Қазақстан жанкүйерлерін бақытты етті

Футбол
1K
Станимир Стойлов – Бүгін
«Астана» – «Селтик» кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер Станимир Стойловты қошеметпен күтіп алды. Дегенмен, бас бапкердің көзінен өкініш байқалды. Ол да шотландиялықтарды өтуге болар еді дегенді айтты.

– Бүгін біздің футболшылар барша Қазақстанды біріктірді деп ойлаймын. Олар мүмкін емес нәрсенің болмайтынын дәлелдеді. 4:1 есебімен кейін бізде Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алатын мүмкіндік болған. Шабуылшыларымыз жүз пайыздық екі мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ірі есеппен ұтуымыз керек еді. Алайда, бүгінгі ойын емес, бәрін Глазгодағы матч шешіп кетті, - деп бастады Станимир Стойлов.

– Бізге әлі Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнау керек. Бірінші таймда ауыр жарақат алып қалған Ласло Кляйнсхайслердің жағдайы қалай?

– Ол бірінші таймнан кейін бірден ауруханаға кетті. Жарақатының қаншалықты ауыр екенін ертең білетін боламыз.

– «Селтик» бүгін алаңға қорқып шыққандай көрінді. Сіз де солай ойлайсыз ба?

– Жоқ, Глазгодағы кездесуден кейін олар керісінше өздеріне сенімді болды. Алғашқы 20-30 минутты көрдіңіздер ғой, тартыншақтанған жоқ. Бірінші минуттан бастап ойынды алға қарай шабумен өткізді. Дегенмен, олардың бізге құрметпен қарайтыны байқалды. Олар бізден қорықты деп ойламаймын. Тек 5:0 есебімен кейін аздап босаңсыды. Екінші таймда қарқындарын бес минутқа күшейткені сол еді, қақпамызға екі гол жіберіп алдық.  

– Марин Томасов жайлы не айтасыз? Оны ұзақ күттік. Ел чемпионатында алаңға шыға салды да, команданың ең үздігі болды. Ал «Селтикке» қарсы екі кездесуде де өзін көрсете алмады.

– Томасов үш айдай алаңға шыққан жоқ қой. Тәжірибе жетіспеді. Оның үстіне, қанша дегенмен «Селтик» ойыншыларының жеке шеберліктері мықты. Біз оған адаптациядан өтуге мүмкіндік береміз. Маринге кішкене қарқын және жанкештілік қосу қажет. Бабына келген соң біз одан нәтижелі ойын талап ететін боламыз.

– «Астана» бүгін «Селтик» футболшыларының әбден тығырыққа тіреді. Осыған қарап командалардың деңгейі шамамен бірдей деп айтуға бола ма?

– Жоқ, «Селтиктің» бізге қарағанда тәжірибесі зор. Олардың Еуропада доп теуіп жүргеніне талай жыл болды. Оның үстіне, құрамындағы футболшылардың да шеберлік деңгейлері біздікінен біршама жоғары. Бізге де сол дәрежеге жетуге тырысу қажет. Ең бастысы, тұрақтылық болу керек.

– Плей-офф кезеңінен кейін командадан Патрик Твумаси кетеді деген сыбыс бар. Сіз оны жоғалтып аламын деп қорықпайсыз ба?

– Білесіз ғой, осы үш жылдың ішінде командадан кімдер кетіп, кімдер келмей жатыр дейсіз. Маған қазір «Астанадан» кім кетсе де бәрібір. Осы аралықта талай ойыншыны жоғалттым. Сондықтан, бәріне де дайынмын. Әлбетте, маңызды турнирдің қарсаңында «Астанадан» біреудің кеткенін қалап тұрған жоқпын. Әр ойыншы біз үшін өте маңызды. Дегенмен, егер клуб басшылығы қандай да бір ойыншыны сатамыз десе, амал жоқ, қолда бар жігіттермен жұмысты жалғастыра береміз. Меніңше, Патрик те, басқалары да қысқа дейін командада қалулары тиіс.

– Патрик Твумасидің әр матчты жоғары деңгейде өткізуіне не кедергі болып жүр?

– Твумасидің еуропалық деңгейде ойнауына барлық мүмкіндігі бар. Әлеуеті зор ойыншы. Оған тек әр ойынды жігермен, ашкөздікпен өткізу керек. Ол бір өзі бір ойынның тағдырын шешіп кете алады.

– «Селтикпен» болған екі кездесуде екі қақпашыға да мүмкіндік бердіңіз. Сонымен, қайсысы мықты екен, Ненад Эрич пе, әлде Александр Мокин ба?

– Мен әлі де бастапқы ойымнан қайтпаймын. Командамда бір-бірінен өтетін екі қақпашы бар. Мәселен, «Легиямен» болған текетіресте Александр Мокин талай рет қақпаны қауіпті соққылардан құтқарды. Бүгін Эрич жақсы тұрды. Бірақ, соған қарамастан қақпамызға үш гол кіріп кетті. Мұнда «Селтик» ойыншыларының жеке шеберліктері жоғары екенін мойындауымыз керек. Алдағы уақытта көре жатармыз, бәлкім біреуі Қазақстан чемпионатында, екіншісі Еуропа лигасында ойнайтын шығар.

– Қыста «Астананың» УЕФА салған трансферлік банның уақыты аяқталады. Сол кезде мықты ойыншыларды сатып алуға мүмкіндік болады. Егер «Селтикпен» келесі жылы қайта кездессек, оларды оңай ұтып аламыз деп ойлайсыз ба?

– Қыста менің де клубпен келісімшартым бітеді. Сондықтан, келесі жыл жайлы ешнәрсе ойлап отырған жоқпын.

– Ендеше сіз клубпен келісімшартты созу жайлы сөйлеспедіңіз бе? Командада қалғыңыз келе ме?

– Алдымен осы маусымды аяқтап алайықшы. Қазіргі бар ойым – Еуропа лигасының топтық кезеңінде. Содан кейін көре жатармыз.

– Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімінен не күтесіз? Кездескіңіз келмейтін командалар бар ма?

– Топтық кезеңде оңай командалар жоқ. Жеребе тарту рәсімі өтсін, сосын алдымызға жаңа мақсаттар қоямыз. Маған кім түссе де бәрібір. Кез-келген қарсыласпен кездесуге дайынбыз. Бүгін «Селтикті» жеңген «Астана» Қазақстан футболының тарихында үлкен жетістікке қол жеткізді. Бүгін біз барша Қазақстан жанкүйерлерін бақытты еттік.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика