Вернуться к списку статей

Брендан Роджерс – Біз "Астанаға" үлкен құрметпен қараймыз

Футбол
1K
Брендан Роджерс – Біз
Глазгода «Астананы» 5:0 есебімен ойсырата жеңген «Селтик» футболшылары өздеріне өте сенімді. Қазақстанға да сол мақсатпен келген секілді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында журналистерге қарап, «сұрақтарыңызды қоя беріңіздер» деген шотландиялықтардың бас бапкері Брендан Роджерс ертеңгі ойын алдындағы жоспарларымен бөлісті.

– Брендан, Глазгода «Астананың» ірі есеппен ұтылып қалуын қалай түсіндіресіз?

– Мен «Астана» футболшылары үшін жауап бере алмаймын. Дегенмен, алғашқы жарты сағатта сіздердің ойыншыларыңыз өте жақсы ойнады. Бірінші голды көп созбай соғып алғанымыз жақсы болды. Бізге көмек болған сол гол. Ал ертең мүлдем басқаша ойын болайын деп тұр. Бітті, Глазгодағы ойынды ұмытуымыз керек. Шотландияда бастаған істі соңына дейін жеткізуіміз қажет. «Астана» – өте жинақы, агрессивті футболды ұстанатын команда. Шабуылында да креативті ойыншылар жетерлік.

– Бірінші ойындағы ірі есепті ескеріп, ертең негізгі құрамдағы ойыншыларыңызға демалыс бергіңіз келмей ме?

– Мен әлі ертеңгі ойында алаңға кімдердің шығатынын шешкен жоқпын. Бүгінгі жаттығудан кейін белгілі болады бәрі. Алдымызда маңызды матч күтіп тұр. Сондықтан, босаңсымауымыз қажет.

– «Селтик» осымен үшінші рет Қазақстанға келіп отыр. Бірақ, «Астана-Аренада» әлі жеңе алмай келесіздер. Сіздер үшін ертеңгі ойында жеңіске жету маңызды ма?

– Бұл стадионда «Астананы» «Селтик» қана емес, «Атлетико», «Бенфика» сынды алпауыттардың өзі ұта алмай кеткен. Әлбетте, «Астана-Аренада» футбол ойнау қиын. Сіздер бұған көндіккенсіздер. Осы артықшылықты жақсы пайдаланып, қажетті есептерге қол жеткізіп жүрсіздер. Бірақ, ертең біз тарихты өзгертеміз. Ұтуға тырысамыз.

– Ал егер ертең 0:4 есебімен ұтылып қалсаңыздар ше?

– Шынын айтсам, дәл қазір маған ертеңгі ойынның нәтижесі маңызды емес. Қандай есеппен ұтылсақ та бәрібір, әйтеуір, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алсақ болғаны. «Астана» өз алаңында қанша мықты ойнаса да, бес гол айырмашылығы олар үшін тым ауыр.

– Ұлыбритания мен Қазақстандағы уақыт айырмашылығы сіздердің футболшыларыңызға қаншалықты әсер етіп жатыр?

– Әлбетте, уақыт айырмасы, стадиондағы жасанды алаң сынды нәрселердің барлығы да ертеңгі ойында жақсы ойнауымызға кері әсерін тигізері анық. Бірақ, өздеріңіз айтпақшы, Қазақстанға бірінші рет келіп жатқан жоқпыз ғой. Бәрін өлшедік, алдын ала зерттедік. Сондықтан, мұның барлығы бізге таңсық емес.

– Қалай ойлайсыз, «Астананың» ойыны қаншалықты өзгерген? Былтырғыға қарағанда әлсіреп қалған жоқ па?

– Әлсіреп қалғанын байқамадым. Рас, былтыр сіздерге қарсы ойнау қиын болған. Алайда, ойын сапасы жақсы. Жалпы, біз «Астанаға» үлкен құрметпен қараймыз. Өйткені, клуб Еуропада үлкен жетістіктерге жеткен. Үшінші жыл қатарынан еурокубоктың негізгі кезеңінде ойнап жатырсыздар. Бұл оңай емес.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика