Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Ертеңгі ойында Эричке сенім артамын

Футбол
1K
Станимир Стойлов – Ертеңгі қақпада Эричке сенім артамын
Ертең елордамыздың «Астана-Арена» стадионында «Астана» биылдыққа Чемпиондар лигасының соңғы ойынын өткізеді. Қарсыласымыз – «Селтик». Матч алдында алаң иелерінің бас бапкері Станимир Стойлов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

– Глазгодағы ойынға қарағанда ертеңгі матч қиынырақ болады. Өйткені, 0:5 есебінен кейін сол командаға қарсы алаңға шығу өте қиын. Оның үстіне, Юрий Логвиненко сары қағаздарына байланысты алаңға шыға алмайды. Ал Джордже Деспотович әлі жарақатынан айыға қойған жоқ. - деп бастады Станимир.

– Глазгодағы ірі жеңілістен кейін команда психологиялық тұрғыда бабына келе алды ма?

– Әлбетте, 0:5 есебінен кейін қайта бабқа келу оңай емес. Шотландияда қақпамызға бағытталған доптың барлығы голға айналып жатты. Мұндай жағдай футболда болып тұрады. Бапкерлер алқасы да, футболшылар да Еуропа футболы мен Қазақстан чемпионатының айырмашылығын сезе алды. Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар қорғаныстағы қателіктеріміз үшін жазалай бермейді. Ал Еуропада өздеріңіз көрдіңіздер, ешкім сенің қателігіңді кешірмейді. Дегенмен, ертеңгі ойында бәрі басқаша болады. Футболшылар ойынға толық дайын.

– Орталық қорғаушымыз Марин Аничич жарақатынан кейін бабына келді ме? Сондай-ақ, Юрий Логвиненконы кіммен алмастырасыз?

– Мариннің жарақат алып қалғаны өкінішті. Глазгодағы ойында оның жоқтығы қатты байқалды. Дегенмен, ақырындап бабына келіп жатыр. Оның алаңға шығу-шықпауы ертең белгілі болады. Әлбетте, Логвиненко мен Аничичтің орнын басатын ойыншыларды табу қиын. Дегенмен, бұл тұрғыда менің ойлаған бір жоспарларым бар. Жігіттер түсінсе, соны іске асыруға тырысамын. Постников та көп варианттардың бірі.

– Глазгодағы ойынынан кейін ертең де қақпада Александр Мокинге сенім артасыз ба?

– Әрдайым айтатынмын, әлі де қайталаудан жалықпаймын, менің командамда әлеуеті зор, бірінен бірі өтетін екі қақпашы бар. Осы маусымда негізінен Александр Мокинге сенім арттым. Бірақ, Эрич те одан жаман тұрмайды. Ол осы маусымда әлі Чемпиондар лигасында алаңға шыққан жоқ. Дегенмен, Ненад бұған лайық деп ойлаймын. Ертеңгі ойында Эричке сенім артамын. Ал одан кейін көре жатармыз. Бәлкім, бір қақпашымыз Қазақстан чемпионатында, екіншісі Еуропа лигасында алаңға шығып жүретіндей қылатын шығармыз.

– Сіз камбэкке сенесіз бе? «Астананың» ертең «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасына шығу мүмкіндігі қалай?

– Мен камбэкке сенемін. Ертең өз жанкүйерлеріміздің алдында барымызды салатынымыз анық. «Селтикті» жеңеміз-ау, бірақ біз «Барселона» емеспіз ғой. 0:5-тен кейін топтық кезеңге шығу өте қиын. Біздің Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнау мүмкіндігіміз 100-ден 1-ақ пайыз.

– Ал «Селтик» ше? Олар Чемпиондар лигасында биыл қаншалықты алысқа шаба алады?

– Оны жеребе тарту рәсімінен кейін көрерміз. Егер жеребе сәтті түссе, онда өз тобында үшінші орын алып, Еуропа лигасына өтулеріне мүмкіндік бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика