Вернуться к списку статей

Қадірің қалды ма, «Бердіқұлов»?..

Футбол
1K
Қадірің қалды ма,
Ертең Астанада шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі Сейдахмет Бердіқұлов турнирі өтеді. Таң әлекеуімнен қас қарайғанша журналистер «Сарыарқа» велотрегінің алаңдарында доп теуіп, шат-шадыман болады. Алайда, шыны керек, кейінгі кездері бұл бәсекенің қадірі қалмай бара жатқан сияқты көрінеді.

«Басталмай жатып сынағаны несі» деп сөкпеңіздер. Мен тек Сейдахмет Бердіқұловтың әруағын құрметтеп, төл турнирімізге жаным ашығандықтан тек өз ойымды жаздым. Ұйымдастырылуына көңілім толмай, жауапты басшылықтың «Бердіқұловқа» деген көзқарасына «қарным ашқандықтан» тақырыпты осылай деп қойдым. Егер ертең турнир өте жоғары дәрежеде өтсе, Ұйымдастыру комитетінің қыздарын бетінен сүйіп, жігіттерінің қолын алып кешірім сұрауға дайынмын.

Микрофон ұстап, қалам тербеткен әріптестеріміздің ауызбіршілігінің жақсы болғандығынан шығар, бізде БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол бәсекелері баршылық. Жазда жасыл алаңда, қыста залда доп теуіп тұрамыз. Еліміздің қай қаласында болмасын, журналистер қауымы футбол турнирлерінен кенде қалған емес. Тіпті, жүлде қоры миллион теңгеден асып жығылатын бәсекелерді де көргенбіз. Дегенмен, «Бердіқұловтың» жөні бір бөлек. Әріптестер арасында «Журналистердің Чемпиондар лигасы» деген атқа ие болған бұл бәсекеге еліміздің барлық аймағынан БАҚ командалары жиналады. Басқа турнирлерге қатысар алдында «бірінші орынға не береді?» деп дәм ететін журналистер «Бердіқұловқа» келгенде жүлде қорын сұрамайды да. Ең бастысы, қатыссақ болды дейді. Мұны журналистердің Сейдағаңның әруағын сыйлағаннан және турнирдің тектілігінен деп білемін. Әйтпесе, аймақтық әріптестердің жүлдеге жүздеген мыңнан бәс тігілетін турнирлерге қатыспай, дәл осы бәсекеге тартылуы не тылсым дейсіз...


Амангелді Сейітхан бастаған "Хабар Алматы" командасы Бердіқұлов турнирінің былтырғы чемпиондары

Қазір Сейдахмет Бердіқұлов атындағы дәстүрлі турнирді Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті өткізіп жүр. Бұрын тек Алматыда бас қосатын едік, кейін Астанаға көшірілді. Алайда, соңғы жылдары турнирдің сәні де, мәні де кетіп бара жатқандай. Өзімізден басқа ешкімге керексіздің күйін кешкен турнирдің халі мүшкіл екеніне, әсіресе биыл қатты көз жеткіздік. Әуелі Сейдағаңның туған күніне орай 9 мамырда өтеді деген сыбысты естідік. Сол кезде Талдықорған қаласынан ұсыныс түсті. «Бастан-аяқ өткізіп берейік. Шығынды өзіміз көтереміз. Келгендердің қарнын тойдырып, тіпті жатын орнына дейін жауап береміз. Басшылыққа таласымыз жоқ» деген жетісулықтардың ұсынысына журналистер кәдімгідей қуанған. 14 мамыр күні Талдықорғанда бас қосуға бәрі дайын жүрді. Бірақ, «Спорт комитеті бермей қойды» деген жауаптарын естіп көңіліміз түсіп кетті. Өздері былтырғыдай Халықаралық спорт журналистері күнімен байланыстырып, 2 шілде күні өткізбек болғаны туралы да әңгімелер айтылды. Кейін бұл дата тағы кейінге шегерілді. Әйтеуір, ұзақ күттіріп, турнир 20 тамызға бекітілді.

Хош, бәріне көнген БАҚ өкілдері бұған да келісті. Астанадағы 15 команданы айтпағанда аймақтардан тағы 6 команда жиналып жатыр. Алматы, Тараз, Талдықорған, Қызылжар журналистері құрама ретінде келсе, Оңтүстік Қазақстан облысы елордаға екі команда әкеліпті. Кеше «Сарыарқа» велотрегінің мәжіліс залында жеребе тарту рәсімі өтті. Уақыты сағат 19:00-ге белгіленген. Спорт комитеті тарапынан ресми өкілді күтіп, біршама отырдық. Ақыры Астана футбол федерациясы ұсынған турнир төрешісі Нұржан Жүнісов өзі бастап кетті. Жеребе тартылып жатқанда Спорт комитетінің Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Серікжан Омархановтың өзі де жетті. «Міне, ресми бөлім енді басталады. Серікжан Оралбекұлы» турнирдің биылғы жай-жапсарымен таныстырып өтетін шығар» деп ойлағанымызша болған жоқ, төрешіге бірнәрсе сыбырлаған басқарма басшысы мәжілістен шықты да, сол күйі ұшты-күйлі жоқ болды. Кейін естідік, басқа жиналысқа кеткен екен. Ал жеребе тарту рәсімі мен мандаттық комиссияның отырысын журналистер өзіміз өткізіп, өзіміз аяқтадық.

Сонымен, ертең БАҚ өкілдерінен құралған 21 команда «Сарыарқа» велотрегінің алаңында бас қосамыз. Осымен 23-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған Бердіқұлов турнирін өзіміз көтермесек, өзгенің бізге бүйрегі де бұрмайтын сияқты. Қателескім-ақ келеді, қателескен мен-ақ болайыншы. Ең бастысы, журналистердің «Чемпиондар лигасы» абыроймен өтсе екен.

Ал турнирдің форматы бойынша, 21 команда 5 топқа бөлінді. Төртеуінде төрт командадан, бесіншісінде бесеу. Әр топтың үздігі және екінші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары үшеуі ширек финалға шығып, турнирді ары қарай жалғастырады. Бірінші ойындар сағат 9:00-де басталады.


Ойындардың толық кестесі сайтымызда сәл кейінірек жарияланады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика