Вернуться к списку статей

Базар басшылары мен «Тобыл» футбол клубы арасында «соғыс» басталды

Футбол
1K
Базар басшылары мен «Тобыл» футбол клубы арасында «соғыс» басталды
Қостанайда қаладағы ең ірі екі базардың басшылары «Тобыл» футбол клубының директоры Николай Паниннің жұмысына наразылық білдіріп, тиісті органдарға шағымданып хат жазды.

Қостанай қаласында саудасы қызып тұрған екі үлкен базар бар. Біреуі «Нариман», екіншісі көтерме-сауда базары. Екеуі де «Тобыл» футбол клубына қарайды. Шамасы, клубқа жаңа басшылық келгелі бері «қошқарлар» бір-бірімен сиыспай жүрген сияқты.

«Тобылда» басшылық осы жылдың 27 маусымында ауысты. Клубты төрт жыл бойы басқарған Талғат Баймұратовтың орнына бұған дейін «Оқжетпесте» жұмыс жасап оңдырмаған Панин Николай Борисович келді. Базар басшыларының жазуынша, Панин оларды қызметтерінен кетірем деп қорқытып, өз еріктерімен арыз жазуға мәжбүрлеп отыр екен.

Хатты Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке ғана емес, Облыстық прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне, «Нұр Отан» партиясына, Еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция департаментіне, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттігінің департаментіне, сондай-ақ жергілікті газеттерге жолдаған. Сонымен қатар, хаттың электрондық нұсқалары әлеуметтік желілерге де тарап кетті.

Әділдік іздейміз деп басталған хатта Паниннің пиғылдарын ашып көрсетуге тырысыпты. «Өз командасын жинауды алдына мақсат еткен Панин барлық қызметкерді жұмыстан шығарамын деп қорқытып отыр. Әсіресе, қазақ ұлтының өкілдері мен бұған дейінгі басшылықтың кезіндегі қызметкерлерге қырғидай тиіп отыр» деп жалғасқан. Хаттағы мәтіндерге сенсек, бір жарым айда клуб әбден былыққа бығып, қызметкерлер Паниннің адамдары және басқалар болып екіге бөлініпті. 

Ал «Тобыл» директорының өзі базар басшыларын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тікелей тапсырмасымен жұмыстан шығарайын деп отырғанын алға тартады екен. Бұдан бөлек, басшылық қызметке жайғасқаннан кейін Панин базар басшыларынан әртүрлі желеумен ақша бопсалап, спорт директорының, команда бас бапкерінің қажеттіліктеріне қаржы сұрапты. «Алайда, базар басшылары оның талабын орындаудан бас тартты. Содан бері арамыздағы жағдай ушығып кетті», - деп жазылған әлгі хатта.

Осылайша, төрт бет хат жазған базар басшылары тиісті органдардан клуб басшылығының жұмысын тексеруді сұрап, Николай Панинді қызметтен кетіруді өтініп отыр. Арты қалай болар екен?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика