Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Төрешілер өз қызметін адал атқарса деймін

Футбол
1K
Станимир Стойлов – Төрешілер өз қызметін адал атқарса деймін
Елордалықтардың бас бапкері Станимир Стойлов өз шәкірттерінің алдағы ойынға дайындықтары жөнінде айтып, жарақат алған ойыншыларға да тоқталып өтті.

«Селтик» пен «Астана» арасындағы алғашқы ойынның матч алдындағы баспасөз мәслихатын алаң иелерінің базасында өтті. 

– Дайындығымыз әр кездегідей жақсы. Ойыншылар алдағы матчқа толық дайын. Оңай болмайтынын білеміз. Дегенмен, біздің команда мұндай сынақтардың талайын бастан кешірген. Жалпы, осы маусымдағы басты мақсатымызға жетіп қойғанбыз. Яғни, текетірестің тағдыры қалай аяқталса да, біз осы маусымда еурокубоктың топтық турниріндеміз. Алайда, Чемпиондар лигасының да топтық кезеңін көздеп отырмыз.

– Ел чемпионатының аясындағы «Ордабасы» және «Ақтөбе» командаларына қарсы ойындарға бірқатар футболшыларыңызды қосқан жоқсыз. «Селтикке» қарсы да алаңға шыға алмайтын жігіттер бар ма?

– Джордже Деспотовичтің ойынға қатыса алмайтыны жүз пайыз анық болды. Марин Аничичтің де жағдайы белгісіз. Жарақытан айықты. Бірақ ойынға дайын ба, әлде жоқ па, ол жағын тап басып айта алмаймын.

– «Селтикке» қарсы өткен маусымдағы ойындарыңыздың есептері әділетсіз болды дегенмен келісесіз бе?

– Ол тақырыпты қозғағым келіп отырған жоқ. Сол текетіресте өз алаңымызда жақсы ойнадық. Алайда, Глазгода «Селтиктің» азғантай басымдығы байқалды. Әлбетте, төрешілер қандай шешім қабылдаса да, мойынсұнамыз. Дегенмен, осы жолы олардың жұмысына көңіліміз толып қайтады деп үміттенемін.

– «Астана» футболшылары «Селтик» фанаттарының тарапынан болатын қысымдарға төтеп бере ала ма?

– Ойындағы ең маңызды нәрселердің бірі осы. Футболшыларға психологиялық тұрғыда мықты болу қажет. Өткен жылы жігіттер эмоцияларын ұстай алмады. Осы жолы бәрі дұрыс болады деп үміттенемін. Текетірестің бір матчтан емес, екі ойыннан тұратынын ұмытпау керек.

– Ертең қандай есеп «Астана» үшін қолайлы болады?

– Кез-келген нәтиже. Ең бастысы, келесі аптаның бейсенбісінде өтетін УЕФА-ның жеребе тарту рәсімінде «Астана» Чемпиондар лигасында болса болғаны.

– Еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама алған «Астана» алдына қойылған мақсатты орындап қойды. Футболшыларды ертеңгі ойынға жігерлендіру қиын болып жатқан жоқ па?

– Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнау – кез келген футболшының арманы. Осының өзі жігіттерге стимул. Сондықтан, оларды қосымша жігерлендірудің де қажеті шамалы. Бұл жағынан жігіттер ойынға толық дайын деп ойлаймын.

– «Астананың» «Селтикті» селт еткізер қандай жаңа тактикасы бар?

– Меніңше, алдағы ойында ғана емес, жалпы екі ойында қай команда жақсы ойнайды, сонысы топтық кезеңге өтеді. Соңғы кездері «Селтиктің» деңгейі едәуір өскен. Бас бапкері Брендан Роджерстің қолтаңбасы байқалады. Дегенмен, алаң иелерінің қақпасын бұзуға тырысып көреміз. Бізге гол керек. Егер осы кездесуде гол соға алмасақ, өз жерімізде қиын болады.

– «Селтик» соңғы рет өткен жылы қарашада «Барселонадан» жеңілген. Содан бері ұтылып көрмепті. Шотландиялықтарды сан соқтыруға «Астананың» шамасы жете ме?

– Сегіз айдан бері жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген команда үлкен құрметке лайық. Егер «Селтикті» Глазгода жеңе алсақ, біз үшін үлкен қуаныш болмақ. Футбол тек жеңістен ғана тұрмайды. Ертең «Селтикті» ұтып кетуіміз де мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика