Кәсіпқой футбол лигасының ережесі бойынша әр бас бапкер өз лигасындағы бір ойыншыны және бір жаттықтырушыны үздік деп таңдаулары тиіс. Премьер-лиганың үздік ойыншысы номинациясын «Астана» футбол клубының шабуылшысы Патрик Твумаси жеңіп алса, үздік жаттықтырушы болып сол клубтың бас бапкері Станимир Стойлов танылды.
Бірінші лигада «Жетісудың» жартылай қорғаушысы Сабырхан Ибраев артық дауыс жинапты. Ал «Қайрат А» командасының бас бапкері Константин Горовенко үздік жаттықтырушы атанған.
Сол секілді Екінші лигада үздік ойыншы номинациясы «Қайрат» жастарының сапындағы 19 жастағы шабуылшы Акмаль Бақтияровқа бұйырса, үздік жаттықтырушы деп «Атырау» жастар командасының бас бапкері Тимур Үкібаев танылды. Бұл туралы Үкібаевтың өзі, «Егер мені үздік деп танып жатса, бұл командамның арқасы. Үшінші орын – жақсы нәтиже. Алайда, алдағы уақытта «Атырауды» бұдан да биіктерге жетелеуге тырысамын», - деп ағынан жарылды.
Жалпы, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы биылдан әр Лиганың ай үздіктерін анықтауды дәстүрге айналдырған. Тамаша бастамалардың бірі. Дегенмен, кімнің кімге дауыс беріп жатқандары көрініп тұрса, тіптен жақсы болар еді. Әйтпесе, жанкүйерлердің арасында әртүрлі ойлардың кетулері де мүмкін.