«Тараз» бұған дейін сырт алаңда «Оқжетпес» пен «Шахтерді» жеңіп, турнир кестесінде алтыншы орынға дейін көтеріліп еді. Осы жолы аутсайдер «Ақжайыққа» үш ұпай ұстатты.
«Тараздың» бапкері Воит Талгаев пен «Ақжайық» жаттықтырушысы Вахид Масудов кезінде «Қайрат» сапында бірге ойнаған. Екеуі де Жамбыл облысының тумасы. Тіпті, екеуінің ұлты да – шешен. Сондықтан қос маманның командалары арасындағы ойынды шағын дерби деп атауға болады. Бұған дейін екеуі бір-бірін ала-алмаған еді. Бірінші айналымда Тараздағы ойын 0:0 есебімен аяқталса, Оралда тағы тең түсті (2:2).
Ал үшінші матчта Масудов басым түсіп отыр. Шынымен де, «Ақжайық» белсенді ойнады, жиі шабуылдады. Алаң иелері неліктен сылбыр ойнаған түсініксіз. Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңде «Ақжайықтың» оң қапталда ойқастаған футболшысы Дмитрий Шмидт Бабаханов қақпасынан саңылау тапты. «Тараз» футболшылары осыдан кейін ғана естерін жинап, ең болмаса бір ұпай еншілеуге тырысты. Бірақ оларынан түк шыққан жоқ. Осы есеп матч соңына дейін сақталып қалды.
«Тараз» – «Ақжайық» – 0:1
Гол: Шмидт, 72 (0:1) .
Тараз: Бабаханов, Диара, Фещук, Горбанец, Морис (Сейдахмет, 70), Миюшкович, Мане, Шадманов, Зайнутдинов (Байжанов, 75), Әмірханов, Воротников.
Ақжайық: Котляр, Говедарица, Николич, Одибе, Дудченко, Главина (Шабаев, 91), Антипов (Коронель, 74), Шмидт, Сапанов, Заречный (Тапалов, 68), Ерсалымов.