«Қайсар» мен «Тобыл» текетіресінің өзіндік қызық тарихы бар. Бұл командалар соңғы өзара үш ойында да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай келе жатқан. Төртінші матчтың 56-шы минутында ғана сең қозғалды.
Матиас Курьор қаптаған қорғаушылардың арасына қойып кетіп, қақпаға соққы бағыттайтын ұрымтал сәтті таппай тұрған. Ананы алдады, мынаны алдады, бірақ «тобылдықтар» соққы жасауға мұрша бермеді. Өзінің қиын жағдайда тұрғанын дер кезінде түсінген мартиникалық жартылай қорғаушы допты Валерий Коробкинге ысыра салған еді, ұлттық құрамамыздың экс-ойыншысы допты шірене қақпаға тепті. Бұл соққыны «Тобыл» қақпашысы Дмитро Непогодов қайтарғанымен серпілген допты франциялық Франк Джа Джедже қақпаға баспен соғып, 6 сағат, 16 минуттық голсыз серияны үзді.
Дегенмен, бізді Непогодовтың әрекетсіздігі таңғалдырды. Джа Джедженің соққысы аса қатты емес-тін, оның үстіне, доп дәл қақпашыға қарай ұшып келе жатқан. Алайда, Непогодов өзінен 50 сантиметр қасынан ұшқан допты көзбен ғана шығарып салды.
Бұдан кейін екі командада да гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен «Қайсар» да, «Тобыл» да өз шабуылдарынан нәтиже шығара алған жоқ.
Осылайша ойын 1:0 есебімен аяқталып, «Қайсар» маусымдағы маңызды жеңістерінің біріне қол жеткізді. Дегенмен, турнир кестесінде әзірге пәлендей де өзгерістер бола қойған жоқ.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай) 1:0 (0:0)
Гол: Франк Джа Джедже, 56.
«Қайсар»: Григоренко, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Аржанов, Евстигнеев, Камара, Коробкин, Курьор, Сахалбаев, Джа Джедже.
«Тобыл»: Непогодов, Кассай, Мирошниченко, Шиков, Жалмұқан, Жулпа, Молдақараев, Мухутдинов, Сартаков, Луллаку, Щеткин.
Төрешілер: Марат Ысқақов, Әлібек Әубәкіров, Сергей Попов (бәрі де – Астана)
Қызылорда қаласы, «Орталық» стадионның қосалқы алаңы