Вернуться к списку статей

«Астана» биылғы маусымда «Ақтөбе» қақпасына 10 гол соқты

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасының үшінші айналымы басталды.

Араға аз уақыт салып, Қазақстан чемпионаты қайта жалғасты. Бұл жолы 23-турдың шымылдығын «Ақтөбе» мен «Астана» командалары ашты.

«Қобыланды батыр» атындағы орталық стадионда өткен екі команда арасындағы ойында Стойлов шәкірттері ірі есеппен жеңіске жетті.

Осы ойында ел чемпиондары сапында көптен күткен хорватиялық футболшы Марин Томасов алғашқы матчын өткізді. Томасов бірінші кездесуінде-ақ командасының жеңісіне өз үлесін қосты. Бірінші таймда дәл осы футболшы орындаған айып соққысын «Ақтөбе» шабуылшысы Игорь Зенькович абайсызда өз қақпасына соғып алды.

Үзілістен кейін де Томасов өте белсенді ойнады. Оның оң қапталдан шығарған пасын Жуниор Кабананга керегін жарата білді.

Ал 79-минутта Роман Мұртазаевтың добын Срджан Граховац голға айналдырып, есеп 3:0-ге жеткізді.

Осылайша, «Астана» биылғы маусымда «Ақтөбе» қақпасына 10 гол соқты. Бұған дейін елордадағы «Тарлан-Арена» стадионында өткен ойында алаң иелері 3:0 есебімен жеңген болатын. Екінші айналымда Ақтөбеде 4:2 есебімен басым түсті. Бұл жолы тағы да ірі есеппен ұтып отыр.

«Астанада» қазіргі кезде 57 ұпай бар. Екінші орындағы «Қайраттан» 10 ұпайға озып кетті.

Станимир Стойлов, «Астана» командасының бас бапкері:

– Менің ойымша біздің команда лайықты жеңіске жетті. Ойын өте жылдам, әрі қызықты болды. «Ақтөбе» – өте жақсы, ұйымшыл команда.Турнирлік кестеде соңғы сатыда тұрғаны мені қатты таң қалдырады. Бүгін жақсы ойын болды. «Астана» өз шеберлігін бүгінгі ойында тағы бір мәрте делелдеп кетті. 

– Бүгінгі ойында «Астана» құрамында көптеген өзгерістер болды. Жарақат алған ойыншылар көп пе, әлде бұл арнайы ротация ма? 

- Көп өзгерістер болды дей алмаймын. Постников кеше өзін жайсыз сезінгендіктен, оны алаңға шығаруға бел буған жоқпыз. Басқа ойыншылардың барлығы қатарда. Біз екі турнирде ойнап жатқандықтан, осылай құрамды ауыстырып тұруға шешім қабылдадым. Команда құрамында бәсекелестік өте жоғары. Кім негізгі құрамға лайық болса, сол алаңға шығады. 

– Ойын тағдырын «Астана» сапындағы дебютті кездесуін өткізген Марин Томасов шешті деуге бола ма? Себебеі, Марин бүгін екі нәтижелі пастың авторы атанды ғой.

– Марин өзінің деңгейінің жоғары екендігін көрсетті. Біз бұл ойыншыны сол үшін де қатарымызға қосқан болатынбыз. Ол 3 ай бойы алаңға шыққан жоқ. Қазіргі уақытта біз үшін ең бастысы, Мариннің тезірек өз бабына келіп, командаға көмектескені керек. 
– «Ақтөбе» командасының қорғаушысы Воловик алғашқы таймда Кабанангаға қарсы өте өрескел ойнады. Бұл әдейі шабуылшының жарақат алып қалуына жасалған қадам деуге бола ма? 

– Меніңше олай емес. Ойын өте тартысқа толы болды. «Ақтөбе» қорғаушылары Кабананганы жабу үшін кей сәттерде ереже бұзып жатқаны рас. Дегенмен, әдейі жасалған қадам дей алмаймын.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика