Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Шығыс Еуропада ойнайтын болды

Футбол
1K
Сергей Хижниченко енді Беларусь вице-чемпионының намысын қорғайды. Фото: fcshakhter.by
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко Беларусь елінің «Шахтер» (Солигорск) клубымен келісімшартқа отырды.

Бұл ақпаратты «Шахтер» (Солигорск) клубының ресми сайты жариялады. Әрі fcshakhter.by сайты Қазақстан футболшысынан сұхбат алып жариялапты. Онда Хижниченко неліктен Беларусь клубына таңдағанын айтқан:

«Шахтер» – Беларусь үшін зор клуб. Команда үнемі үздік үштікте, Еурокубоктарда ойнайды, әрі қарай өсіп жетіле беруді көздейді. Сондықтан, «Шахтердің» басшылары маған ұсыныс жасап, клубтың алға қойған мақсаттары мен талаптарын тізіп шыққанда, мен карьерамды Солигорскіде жалғастыруға келісіп, осы шешімге тоқталдым.

Бірақ fcshakhter.by сайты Хижниченконың келісімшартының мерзімі жайлы бір ауыз сөз жазбаған. Жалпы, Сергей бұған дейін «Восток», «Локомотив» (Астана), «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды), «Корона» (Польша), «Ақтөбе», «Тобыл» клубтары сапында ойнаған.

Бір қызығы, Қарағандының «Шахтерінің» сапында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанып (2011 және 2012 жж.), ел кубогы мен суперкубогын (2013 ж.) да жеңіп алған. 2013 жылы Чемпиондар лигасы додасында төрт гол соғып, ерекше көзге түскен.

Бір қызығы, 2013 жылы 16 шілдеде Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын Борисов қаласында БАТЭ (Беларусь) клубының қақпасына соққан. Одан кейін екі рет «Скёндербеу» (Албания) және бір мәрте «Селтик» (Шотландия) клубтарын қапы қалдырған болатын.

Жалпы, Сергей Хижниченко Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2009 жылдан бері ойнап келеді. Күні бүгінге дейін 41 ойын өткізіп, 8 гол соқты.

Ал «Шахтер» (Солигорск) 2016 жылы Беларусь чемпионатында күміс медаль еншіледі. 2005 жылы өз елінің чемпионы болып, бес рет екінші, алты мәрте үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ екі рет кубок иегері атанған. 

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика