Вернуться к списку статей

«Ертістің» тізгінін кім ұстауы мүмкін?

Футбол
1K
Павлодар қаласының намысын қорғап жүрген «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Димитар Димитров ресми түрде қызметінен кетті.

Кеше Кереку клубының баспасөз қызметі келісімшарт күшін тоқтатқанын хабарлады.
Болгариялық  маман «Ертістің» тізгінін 2015 жылдың маусым айында ұстады. Өткен жылы оның командасы ел чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2017/2018 жылғы ЕуропалЛигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Биылғы маусымда Димитар бапкер 28 ойын өткізіп, 12 рет жеңіске жетті. Сондай-ақ 8 матч тең есеппен аяқталса, тағы 8 кездесуде қарсылас командаға есе жіберген.

Енді бүгін «Ертістің» жаттығуы алдында болгарлық маманның жанкүйерлермен қоштасуға арналған баспасөз жиыны өтеді екен.

Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Димитров енді Болгария чемпионы «Лудогорецті» жаттықтырады екен.

Уақытша бас бапкердің міндетін атқарушы болып, Сергей Климов тағайындалды. Ол бұған дейін Димитровтың бапкерлер штабында қызмет еткен.


Сергей Климов – Алматы футбол түлегі. Ол «Болат» (Теміртау), «Елімай» («Спартак») (Семей), «Қайрат» (Алматы), «Мелиоратор» (Шымкент), СОПФК «Қайрат» (Алматы), «Миньор» (Перник, Болгария), «Достық» (Алматы), «Пройзен»-07 (Хамельн), ТуС «Целе» (Целе, екеуі де – Германия), «Восток-Алтын» (Өскемен) сапында ойнаған. 

Кейіннен «Астана» (Астана), «Іле-Сәулет» (Алматы обл.) және Қазақстан (U-21) жастар құрамасын жаттықтырды. Сонымен қатар «Қайрат» (Алматы) Қазақстан (U-19) жасөспірімдер құрамасында бапкер болды. «Ертістің» бапкерлер штабында 2011 жылдан бері істейді. 

Қазіргі кезде Димитар Димитровтың орнына келуі мүмкін мамандар туралы әр түрлі болжамдар жасалып жатыр. Көбісі, тағы бір болгариялық бапкер Илиан Илиев пен бұған дейін «Ертісті» баптаған, қазақстандық Талғат Байсуфиновтің кандидатурасын айтып жатыр.

Илиан Илиев бұған дейін жыл басында «Алтаймен» келісімшарт жасасып, кейіннен команда премьер-лигада өнер көрсетпейтін болғандықтан еліне қайтып оралған. Қазіргі кезде Болгариядағы «Верея» клубын жаттықтырады. Бұл команда сапына жақында қазақстандық  футболшы Еркебұлан Нұрғалиевті шақырған еді.

Ал Талғат Байсуфинов  «Ертістен» кеткеннен кейін «Ақжайық» және Қазақстан ұлттық құрамаларын жаттықтырды. Қазіргі кезде Қазақстан футбол федерациясында қызмет атқарады.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика