Вернуться к списку статей

Қазақстан - Црна Гора: Билет бағалары 500 теңгеден басталады

Футбол
1K
Қазақстан - Црна Гора: Билет бағалары 500 теңгеден басталады
Енді тура үш аптадан кейін бір күн командаға бөлінуді қойып, барлығымыз ұлттық құрама үшін жанкүйер боламыз. Бас командамыз Црна Гора футболшыларын қабылдайды. Сондықтан, стадионға билеттерді қазірден бастап алып қойыңыз. Ал билет бағалары мынадай.

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасының аясында өтетін Қазақстан – Црна Гора кездесуінің ең арзан билеттері 500 теңгеден. Мұндай бағаға билеттерді стадионның төрт бұрышынан ғана таба аласыз. Ал одан оңтүстік және солтүстік қанаттарға, яғни қос қақпаның артындағы трибуналарға билеттер 1000 теңгеден сатылып жатыр. Батыс және шығыс трибуналарға билеттерді 1500 мен 3500 теңге аралығында сатып ала аласыз. Дегенмен, ойынды тамашалауға ең ыңғайлы секторлардың билеттері 7000 теңгеден екен.

Билеттерді матч басталуға жақын қалғанда стадион кассаларынан сатып алуға болады. Алайда, ойынға билеттер әлдеқашан сатылымға шығып қойған. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтындағы «ticketon» кассалық бағдарламасы арқылы онлайн жүйеде кез-келген орынды таңдап алуыңызға болады. Сол жердегі бағдарламаға сүйенсек, сиымдылығы 30 мыңдық «Астана-Аренаның» дәл қазір 355 орынның билеті ғана сатылыпты. Оның 120-сы 500 теңгелік сектордан алынған билеттер.

Жалпы, соңғы рет «Астана-Арена» ұлттық құрамамыздың ойынын өткен жылдың 11 қазанында қабылдаған. Румыния футболшыларымен 0:0 есебімен тең түскенбіз. Ал стадионға сол кездесуде бар болғаны 12 346 көрермен ғана жиналған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан – Црна Гора ұлттық құрамалары арасындағы ойын қыркүйектің 1-і күні өтеді. Бұл командамен былтыр түзде кездесіп, 0:5 есебімен ойсырай ұтылғанбыз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика