Вернуться к списку статей

Патрик Твумасидің Түркия Супер лигасына ауысу мәселесі таяу күндері шешіледі

Футбол
1K
Патрик Твумасидің Түркия Супер лигасына ауысу мәселесі таяу күндері шешіледі
«Астананың» ганалық шабуылшысы таяу күндері Түркияның «Бурсаспор» командасына ауысуы әбден мүмкін. Бұл туралы түрік басылымдары жарыса жазып жатыр. Ал кеше қолымызға мынадай маңызды құжат түсті.

Бір жапырақ қағаз. Онда «Бурсаспордың» атынан Қазақстанға кімдердің келетіндіктері және аталмыш құжатқағазының қай уақытқа дейін жарамды екендігі көрсетілген. Толық тәржімалайтын болсақ, «Сіздердің ойыншыларыңыз Патрик Твумасиге қызығушылығымыз бар екендігін хабарлаймыз. Сондықтан, футболшы Патрик Твумасидің біздің клубқа ауысуы жайлы «Бурсаспордың» атынан келіссөздер жүргізуге Мухаррем Зенгин және Хасан Эгильмез мырзаларды бекітілді. Бұл құжат 30.08.2017 жылға дейін жарамды», - деп жазылған.


Бұдан не түсінуге болады? «Бурсаспор» бұл істі өздерінің сенімді агенттеріне тапсырған. Және де, 30 тамызға дейін «не бар, не жоқ» қылулары тиіс. Негізі, Хасан Эгильмез деген агент осы жылдың басында да Твумасиді Түркияның екі-үш клубына тықпалаған. Алайда, ол кезде онысынан ештеңе шықпады. Енді, міне, тағы да бой көрсете бастады.

Әлбетте, «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің қарсаңынд өздерінің негізгі ойыншысын оңайлықпен жібере қоймас. Бірақ, Патрик Твумасидің соңғы екі ойындағы қылықтары жанкүйерлер арасында түсініспеушілік туғызып отыр.

Латвияның «Спартагына» қарсы екі ойында да барын салып, өз алаңымызда «Легияны» ұтуға ерен еңбек сіңірген Патрик Твумасидің соңғы екі ойындағы әрекеттерін біз де түсіне алмай далмыз. Рас, Түркия чемпионатынан ұсыныс күнде түсе бермейді. Бірақ, қанша дегенмен, «Бурсаспор» Түркия футболының көшбасшысы емес қой. «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне бір табан жақын тұр. Ал «Бурсаспор» ше? Былтырғы маусымды 18 команданың ішінде 15-ші орында аяқтаған ұжым. Стадионы да «Астана-Аренадан» үлкен емес, небәрі 26 мыңдай адам сияды. Онда да барлық ойында толып отырғанын көрмейсің. Кей кездесулерде 7-8 мың жанкүйермен ғана шектеліп жүр. Рас, «Бешикташ» келген кезде стадион көрерменге лық толды. Бірақ жартысы Бурса мен Стамбул қалаларының арасын жақын болғандықтан жиналған халықтың жартысы қарсылас команданың жанкүйері болатын. «Бурсаспорға» тек қаласы үшін ғана қызығуға болады. Бір жағын Қара теңіз, екінші жағын Жерорта теңізі қоршап жатыр. Қасында Стамбул тиіп тұр. Әйтпесе, басқа қызығатын ешнәрсе де жоқ.

Оның үстіне, «Бурсаспор» Патрик Твумасиге «Астана» бергендей жалақыны ұсына қоюы да екіталай. Оны қойшы, бірден негізгі құрамнан орын алып кетеді деп те ешкім кепіл бере алмайды. Сондықтан, Түркия чемпионатына ауысқаннан Патрикті ол жақта жайлы өмір күтіп тұрған жоқ. Бірақ өзі Түркияның басылымдарына "Бурсаспордың" жейдесін киюге асықпын" деп сұхбат та беріп жүрген көрінеді.

Егер «Астанадан» шындап кеткісі келсе, Твумасиге еурокубокта бар ынтасымен ойнап, қысқы трансферлік кезеңді күткен дұрыстау болар еді. Өйткені, алдағы еурокубокте ол «Бурсаспорды» былай қойғанда, Еуропаның басқа да әлеуетті клубтарының көздеріне түсуі бек мүмкін. Егер қазірден бастап «кетемге» салса, «Астана» оны ешқайда жібермеуге толық құқы бар. Ал әккі Станимир Стойлов оны қосалқы құрамға түпкілікті отырғызып қоюы да әбден мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика