Вернуться к списку статей

Нұрбол Жұмасқалиев: Мансабымды Қостанайда аяқтағым келеді

Футбол
1K
Қостанайдың «Тобыл» клубының басшылығы мен бапкері ауысқан соң, Керекуде доп теуіп жүрген Нұрбол Жұмасқалиев қайтып оралды.

. Ұзақ жыл бойы «Тобылды» өрге сүйреген, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген аңыз футболшы жақында оқырмандардың қызықтырған сауалына жауап берді.

– Нұрбол, Қостанайға қайтып оралуыңызбен құттықтаймын! Жаңа бапкер туралы не айтасыз?, «Тобыл» үздік үштіктен көрінуге шамасы жетеді ме?

– Қайтып оралғаныма қуаныштымын. Ал жаңа бапкер өте білікті деп ойлаймын. Қазіргі кезде біз дұрыс бағыттамыз. Мүмкіндік әрдайым бар. Сондықтан үшінші орынға ілігу өзімізге байланысты.

– Тетрадзе мен Евдокимовтің жұмыс істеу тәсілі бір-бірінен өзгеше екені жасырын емес шығар. Қазіргі кезде Евдокимовтің тактикасы «Тобылға» сай келе ме?

– Сөзсіз келеді. Өйткені Роберт Геннадьевич жаңадан көп нәрсе үйретуге тырысып жатыр. Бұл бізді қуантады. Енді тек алға жылжуымыз керек.

– Олег Веретенников бас бапкердің көмекшісі болып тағайындалды. Бұған дейін жолыңыз түйісіп көрді ме? Өйткені Веретенников бірнеше қазақстандық клубта ойнаған футболшы ғой.

– Біз енді танысып жатырмыз. Олег Веретенников – өте танымал футболшы. Бұған дейін жеке араласып көрмеген едім. Бірақ алаңда кездесіп жүрдік. Мен оны футболшы ретінде көбірек танимын.

– «Тобылда» бұрынғы жылдармен салыстырғанда көп нәрсе өзгеріп пе?

– Қазіргі кезде командада алдыға қойған тапсырманы шеше алатын білікті футболшылар өте көп. Мысалы, 2010 жылы чемпион болғанда командадағы жігіттер бір-бірімізді ыммен-ақ түсінетінбіз. Өйткені, ол жігіттермен біз 5-6 жыл қатарынан бірге ойнап жүрдік.

– Қазіргі кезде команда капитаны кім?

– Альмир Мухутдинов. 

– Келесі жылы карьераңызды жалғастырасыз ба?

– Әрине. Бірақ барлығыма өзіме байланысты. Алаңда өзімді жақсы көрсетсем, футболда қаламын.

– Шимкович екеуіңіз Тетрадземен келіспей қалғандарыңызды мойындайтын шығарсыз.

– Уақыт өтіп кетті. Енді өзі кетіп қалған адамның артынан сөз айтқаным дұрыс болмас.

– Қостанайға қайтып оралғаңызға ең бірінші кім қатты қуанды?

– Балаларым. Біздің белгілі бір жоспарымыз бар болатын. Кейіннен мен қайтып оралып, барлығы өзгерді. «Тобыл» бөтен команда емес. Егер қолғабысым тиіп жатса, қуанамын.

– Жоспарымыз болған еді деп айтып қалдыңыз. Сонда отбасыңызды Павлодарға көшіріп алуды ойладыңыз ба?

– Павлодарға отбасыммен көшіп келуді ойлап жүргенмін. Сосын болашақта балаларымды Астанада оқытсақ деп едік. Ал қазір жоспар өзгерді. Бірақ бұл да жаман емес.

– Өткен жылы жанкүйерлер Александр Петухов екеуіңізді командаға қайтару үшін петиция жазып, қол жинағанынан хабарыңыз бар ма?

– Әрине! Ол үшін жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз. Мұндай сұрақ туындаған кезде Саша екеуіміз естідік. Жанкүйерлердің петиция жазғанын естіп қуанып қалдық. Мен үшін жанкүйерлердің қолдауы, бағалауы бірінші кезекте. Ең бастысы да сол.

– Бұл сұрақ сізге соңғы кезде жиі қойылып жүр. Сонда да сұрайын. Карьераңызды аяқтаған соң, «Тобылда» қалғыңыз келе ме? Өйткені маусым басында Орал мен Қостанайдың біреуін таңдау керек екенін айтып қалдыңыз.

– Әзірге ол туралы айтуға ертерек. Сөзсіз, карьерамды «Тобылда» аяқтағым келеді. Мен бұл жерде спорттық жылнамамның ең керемет кездерін өткіздім. Футболшы ретінде қалыптастым. Әлі де футболшы ретінде жүре тұруды қалаймын. Тағы да қайталап айтамын, оның бәрі өзіме байланысты.

– «Тобылдың» жаңа басшылығы бірінші кезекте өзіңізді қайтаруды жоспарлаған екен. Бірақ жанкүйерлердің көбісі, Нұрбол Қостанайға футболшы емес, бас бапкердің көмекшісі болады деп ойлаған еді...

– Ондай әңгіме болды. Қайтып оралуыма мүмкіндік берген клуб басшылығына алғысым шексіз. Енді қазір ойыншы ретінде шамам келгенше өз пайдамды тигізу. Ал болашақты уақыт көрсете жатар. Бастысы – мен командаға қайтып оралдым. 

– Қазақстан чемпионатының тарихындағы сұрмерген өзіңіз. Ескі сұхбаттарыңыздың бірінде бұл рекордты Щеткин, Исламхан, Мұртазаевтардың біреуі жаңартуы мүмкін екенін айтқан едіңіз. Аталған футболшылар да прогресс бар ма?

– Олар жыл сайын өсіп келеді. Жастары да сәйкес келеді. Сондықтан мүмкіндіктері бар деп ойлаймын.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика