Вернуться к списку статей

«Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы тартысты ойын және пенальти

Футбол
2K
«Ақтөбе» – «Қайрат» – 1:2. Фото: fc-aktobe.kz
«Ақтөбе» өз алаңында бас бапкерін ауыстырған «Қайратты» қабылдап, өте тартысты өткен ойында ұтылып қалды.

«Қайрат» бұл ойынға команда капитанысыз шықты. Бауыржан Исламхан Ақтөбеге бармаған да. Сол сияқты Иво Иличевич пен Андрей Аршавин де команда сапында болмай шықты. Тәрбие жұмыстарына байланысты ма, әлде кішігірім жарақаттары бар ма, тап басып айту қиын...

«Қайрат» бірден алға шықты. «Ақтөбе» де тартынған жоқ. Бірден табан тірескен дода басталды. Теңбіл доп додасы қыза түсіп, төреші ойынның алғашқы минуттарында-ақ ескерту жасай бастады. Андрей Сидельников қонақтардың алғашқы шабуылдарын тойтарып, көрермендер қошаметіне ие болды.

Әйтсе де, есепті алаң иелері ашуы керек сияқты еді. Ойынның 19-минутында «Қайраттың» сол қапталдағы қорғаушысы жоғары ұшқан допты иығымен емес, қолының қарымен тоқтатқандай болды. Бірақ бас төреші Фуркат Атажанов та, осы ойын сәті көз алдында өтіп жатқан қапталдағы төреші де селт етпеді...

Көп ұзамай пенальти басқа қақпаға берілді. Доп ыңғайына салып алып, тебуге оқталған Исламбек Қуатты Нейн Еоне бар екпінімен келіп, сұлатып салды. Пенальти. Алаңда Исламхан жоқ. 11-метрлік айып соққысын Жерар Гоу орындады. Әрі мүлт кеткен жоқ, қақпашыдан айласын асырды.

Бірінші тайм осылай аяқталған. Ойынның екінші жартысы басталғанда «Ақтөбе» алға қарай лап қойды. Қонақтарды тықсырып, қауіп төндірумен болды. Үсті-үстіне шабуыдады. Тіпті таразы басын теңестірді де. Кирилл Шестаков қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Содан кейін тамаша екі мүмкіндікті мүлт жіберіп алды...

Ал «Қайрат» өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Ойын аяғына қарай Георгий Жуков «Ақтөбенің» екі қорғаушысын алдап соғып, теңбіл допты қақпа тоғыздығына доғаша иіп, дөп түсірді. Қақпашы қалай созылса да, жете алмады. Гол. «Қайрат» қайтадан алға шықты.

Бұдан кейін «Ақтөбе» қайтадан тайлы-таяғымен алға қарай ентеледі. Бірақ таразы басын екінші рет теңестіре алмады. Әйтсе де, аянбай ойнап, жанкештілік танытты. Кім біледі, басында пенальти қонақтардың қақпасына берілгенде, ойын өрнегі мүлде басқаша өрбитін де ме еді?!

«Ақтөбе» – «Қайрат» – 1:2 (0:1)

Голдар: Гоу, 29-пенальтиден (0:1). Шестаков, 50 (1:1). Жуков, 78 (1:2).

Ескертулер: Валиуллин, 2. Шестаков, 8. Сидельников, 30. Қуат, 36, Муарем, 40. Гоу, 44. Савич, 45+2. Ахметов, 59.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Қайыров, Воловик, Колчак, (Савич, 24), Муарем, Нейн Еоне, Шестаков, Валиуллин, Симович (Жұмағали, 33), Шимкович, Зенькович, (Обрадович, 34).

Қосалқы құрам: Отарбаев, Сәулет, Аслан, Кәкімов, Шурыгин, Жүнісов.

«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Арзо, Бато, Сүйімбаев, Элек, Бакаев (Тұрысбек, 67), Қуат (к), Жуков (Анене, 88), Исаэль, Гоу.

Қосалқы құрам: Плотников, Рудосельский, Балтабаев, Парагульгов.

Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Ходин (Атырау), Дерцапф (Орал).

30 шілде. Ақтөбе, «Орталық». 11500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика