«Атырау» жаз басталғалы, яғни ХV турдан өткен аптаның аяғына дейін жанкүйерлерін жасытып жүрген. Осы аралықта алты ойын өткізіп, бес рет ұтылып қалған. Тек бір ойында жеңіске жеткен болатын. Бірақ өткен жексенбіден бері еңсесін тіктей бастады.
Атап айтқанда, алты күннің ішінде үш ойын өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Ал біреуінде тең түсті. Әрі қай клубпен деңіз!? Еуропа лигасынан тыс қалып, ұнжырғасы түсіп кеткен «Қайратпен» Алматыда “итжығыс” түсіп, ұпай бөлісті. Жеңіске пара-пар осы ойын «Атырау» футболшыларын жігерлендіріп жібергендей...
Іле-шала, нақтырақ айтқанда, сәрсенбі күні VІІІ турдағы кейінге шегерілген ойынын өткізіп, «Оқжетпесті» тізе бүктірді. Ал бүгін құрамында тәжірибелі футболшылары көп «Тобылды» тобықтан қақты. Алты күнде үш ойын өткізіп, жеті ұпай еншіледі. Тамаша көрсеткіш!
Бүгінгі ойын басталған бетте «Тобыл» алға қарай лап қойған. Әсіресе, «Астанадан» жалға алынған Дидар Жалмұқан өте ширақ қимылдады. Бірақ алаң иелері олардың алғашқы қарқындарына төтеп беріп, өздері қарсы шабуыл ұйымдастыра бастады. Әрі бірінші тайм ортан белінен асқанда есеп ашып, алға шықты.
«Тобыл» таразы басын теңестіруге тырысып, шабуылды күшейтті-ақ. Бірақ «Атыраудың» қорғанысын бұзып өте алмай, сергелдеңге түсті. Алаң иелерінің қақпашысы да олардың небір қауіпті соққыларын тойтарып, жігерлерін құм қылды. Қорғаушылары да тізе қоса қимылдап, өте мұқият ойнады.
Матчтың аяқталуына 10 минут қалғанда «Атыраудың» белді ойыншыларының бірі Йован Джокич екінші рет ескерту алып алаңнан қуылды. Бірақ «Тобыл» бұл мүмкіндікті де пайдалана алмады. Кем құрамда қалған алаң иелерінің қақпасына гол соға алмай қойды.
Сөйтіп, «Тобыл» екінші рет қатарынан ұтылып отыр. Әрі екінші рет қатарынан бірде-бір гол соға алмай, қылыштарын тасқа ұрды. Басшылары да, бас бапкері де ауысса да, тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүр. «Баяғы жартас – сол жартас» демекші, бір ұтылып, бір ұтады...
«Атырау» – «Тобыл – 1:0
Гол: Сикимич, 28
Ескертулер: Аблитаров, 7. Двалишвили, 13. Мухутдинов, 13. Сартаков, 41. Нарзикулов, 45. Джокич, 47. Сикимич, 62.
Алаңнан қуылды: Джокич, 80 (екінші ескерту)
«Атырау»: Нарзикулов, Коробов, Аблитаров, Обшивач, Мәжитов, Абдрахманов, Джокич, Нұрыбеков (Сүлей, 77), Хайруллин (к) (Тәжімбетов, 90+3), Двалишвили (Саломов, 72), Сикимич.
Қосалқы құрам: Қалменов, Қалмұратов, Әбдірахман, Қайыраллиев, Маров, Сергиенко.
«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Кассай, Шиков (Жарынбетов, 11; Молдақараев, 69), Мирошниченко, Мухутдинов (к), Жулпа, Квеквескири, Ллуллаку, Жалмұқан (Джалилов, 79), Щеткин.
Қосалқы құрам: Бұсұрманов, Вух, Бекич, Гурман, Жақыпов, Жұмасқалиев.
Төрешілер: Алиев, Васютин (екеуі де – Алматы), Филипчук (Шымкент).
29 шілде. Атырау, «Мұнайшы». 3500 көрермен.