Вернуться к списку статей

Яцек Магера – "Астана" бүгін біз ойлағаннан да жақсы ойнады

Футбол
1K
Яцек Магера –
«Легияның» бас бапкері Яцек Магера оптимист екен. «Алда әлі бір ойын бар. Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығатын мүмкіндігіміз мол», - деді нық сеніммен ойыннан кейін.

– Бірінші матч біз үшін сәтсіз аяқталды. Дегенмен, алда әлі тағы бір ойын бар. Варшавада бар күшімізді салып, қателігімізді түзеуге тырысамыз. Бүгін «Астананың» айы оңынан туды. Шынын айтқанда, жасанды алаңға үйренісуге біраз уақыт жұмсап қойдық. Дегенмен, бірінші таймда Михал Кухарчик өзінің екі мүмкіндігін голға айналдырғанда, онда ойын барысы мүлдем басқаша сценарийде өрбитін еді. Үзіліс кезінде команданың тактикасына кішігірім өзгеріс енгізіп, екінші таймда аздап жағдайымызды түзей алдық. 46-шы және 47-ші минуттарда біз екі гол соғуымыз керек болған. «Астана» қақпашысы соққыларымызды қайтарды. Алайда, айта берсең, алаң иелерінде де гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Мені Садику соққан гол қатты қуантқан. Өкінішке қарай, соңғы минутта қақпамызға үшінші голды жіберіп алып, жағдайымызды қиындатып алдық. Меніңше 2:1 есебі әділ болар еді. «Астананы» жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бірақ, Варшавада көздеріңізге көк шыбын үймелетеміз.

– Бүгінгі ойын және бүгінгі есептен кейін сіздерге Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дайындала беруге болатын сияқты ғой.

– Жоқ, бізде әлі алда тағы бір матч бар. Варшавада бар күшімізді салып, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығуға тырысамыз.

– «Астана» бірінші нөмірмен ойнап, сіздерге көп қысым көрсетті. Сіздердің ойыншыларыңыз бұған неге дайын болмады?

– «Астананың» артықшылықтарын жақсы білдік. Олар біз күткеннен де жақсы ойнады. Дегенмен, бұл тақырыпты жабайық. Жауапты ойыннан кейін кімнің жеңгені белгілі болады.

– «Легия» бүгін өздерінің қанша пайыздық әлеуетін көрсете алды?

– Бүгін «Астана» бізден әлдеқайда мықты болды. Бірақ, спортта бәрі аяқ астынан болады. Жауапты ойын бәрін өз орнына қойып беруі тиіс.

– Ойынның аяғында есеп 2:1 болып тұрғанда төреші қосқан 6 минутқа қаншалықты қуандыңыз?

– Төрешінің шешіміне еш әсер ете алмаймын ғой. Бірақ төреші 6 минут қосқанда қуанғанымыз рас. Соңғы минуттарды шабуылда өткізуіміз қажет еді. Өкінішке қарай, өз қақпамызға гол жіберіп алдық.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика