Жан-Пьер Папен, Христо Стоичков, Яри Литмамен, Эрнан Креспо сынды әлем футболының аңыздарын күнде көре бермейсіз. Ойындарына тек теледидар арқылы сүйсінген кумирлер Қазақстанға келеді екен дегенді естігенде талай жанкүйер тағат таппай, қазірден-ақ билет іздей бастағандары түсінікті. «Оның бағасы қанша тұрады, ақшамыз жете ме?» деп уайымдап жүргендер де аз емес шығар. Өйткені, шыны керек, елімізге шетелден жұлдыз келіп концерт қойса бітті, билет бағасы кемінде 10 мыңнан басталып, 50 мыңнан асып жығылып жатады. Жоқ, бұл бәріне қолжетімді футбол турнирі болмақ. Ойындарды тамашалау үшін кассадан билетті бар болғаны 2 мың теңгеге сатып аласыз. Тіпті, сол билетпен кез келген күні кешқұрым уақытта Экспо павильондарын аралап шығуға да болады.
– Қазақстанға әлем футболының аңыздарын бірінші рет жинап отырмыз. Бәрінің көңілінен шығатын керемет турнир болатынына сенімдімін. Өйткені, 20 минуттан екі таймнан құралғанымен жан-жағын борттар қоршаған шағын футбол ретінде өтеді. Аут болмайды. Сондықтан, мұндай ойындарда 10-нан астам голдар соғылып жатады, - деді «Аңыздар кубогының» бас менеджері Тамерлан Куриев.
Турнирге Әлем жұлдыздары, Германия, Португалия, Ресей, Италия және Қазақстан құрамалары қатысатынын бұған дейін де атап өткенбіз. Ал Қазақстан құрамасының намысын Олег Воскобойников, Игорь Авдеев, Андрей Карпович, Қайрат Әубәкіров, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұмасқалиев және Андрей Финонченко қорғайды.
– Бұл бірінші ретте жанкүйерлер үшін жасалып отырған турнир. Дегенмен, Қазақстан ұлттық құрамасының алдында биік мақсаттар тұр. Әлем жұлдыздарына қарсы өнер көрсететіндігімізге қарамастан бұл турнирде бас жүлдені жеңіп алуды көздейміз, - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов.
Тамыздың 5-і мен 6-сы күндері өтетін бұл турнирге журналистерді тіркеу қазірден басталды. Еліміздің алыс аймақтарының да тілшілері тіркеліп, ойыннан репортаж жасай алады. Турнирдің ресми өкілі Айдын Қожахметтің айтуынша, журналистер үшін қалаған футболшыларымен сұхбаттасу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.