Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов: "Легияға" қарсы біздің мүмкіндігіміз – бес-ақ пайыз

Футбол
1K
Станимир Стойлов командасының ойынына риза емес
Ал «Астананың» бас бапкері әккі Станимир Стойлов мұндай ойынмен «Легияға» қарсы кездесулерде «Астананың» мүмкіндігі бес-ақ пайыз екенін айтып отыр.

– «Спартакты» Латвияда жеңгеннен кейін біздің футболшыларымызда бүгін аздап менсінбеушілік болған сияқты. Алаңда маң-маң басып жүрді. Чемпиондар лигасында да Қазақстан чемпионатындағыдай оңай ұта береміз деп ойлап жүрген сияқты. Егер келесі командаға қарсы да дәл осылай ойнайтын болсақ, бізді кешірмейді. Бірден орнымызға қояды, – деп ашуға мінді матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Станимир Стойлов. – Алты ай болды, әлі шабуыл шебін реттей алмай келеміз. Бүгін де гол соғатын талай мүмкіндік болды. Бірақ, ұйқыдан жаңа тұрған адам секілді селқос жүрді.

– Осы ойында «Астана» нашар болды ма, әлде «Спартак» жақсы ойнады ма?

– Екеуі де бар. «Астана» өзінің бар әлеуетін көрсете алған жоқ. «Спартак» та бүгін барын салды. Бізге ең бастысы, шабуылды реттеу керек. Джуниор Кабанангаға да не болғанын түсінбей жүрмін. Ұйқылы-ояу ойнап жүр. Соңғы 2-3 ойында тіптен нашар болды. Дәл солай мен де ойнай аламын.

– «Легиямен» болатын ойынға аз ғана уақыт қалды. Бір аптаның ішінде команданың ойынын жөнге келтіріп үлгере аласыз ба?

– Тырысамыз. Футболшылар Чемпиондар лигасының маңызын түсінулері қажет. Бұл әр қателігіңді кешіре беретін Қазақстан чемпионаты емес. Бірінші таймда Ласло Кляйнхайслердің ғана ойыны көңілімнен шықты. Басқа ешкім Чемпиондар лигасына лайықты ойын өрнегін көрсете алмады. Алда бір апта қалды, осы аралықта команданың психологиясымен жұмыс жасаймыз-ау. Бәрі дұрыс болады деп үміттенемін.

– Осы аралықта «Астананы» ел чемпионатының аясындағы «Тобылға» қарсы ойын күтіп тұр. Негізгі құрамдағы бірқатар ойыншыларға демалыс беру жайлы ойлаған жоқсыз ба?

– Ешкімге де демалыс болмайды. Есі дұрыс команда үш күнде бір ойын өткізіп тұру қажет. Аптасына бір матч аз. Шынын айтсам, жалаң жаттығулардан шаршап та кеттім. Одан гөрі алаңға шығып, ойын өткізген дұрыс. Сондықтан, ешкімге де демалыс бермеймін. Ешкімнің де демалғысы келмейтін шығар.

– «Спартактың» бас бапкері Марек Зуб «Легиямен» өтетін кездесулерде «Астананың» мүмкіндігі 30-ақ пайыз деді. Келісесіз бе?

– Ол қайта тым көтермелеп жіберген екен. Дәл бүгінгідей ойнайтын болсақ, «Легиямен» өтетін ойындардағы мүмкіндігіміз – бес-ақ пайыз.

– Польшаның командасына қарсы матчтарға дейін Марин Томасовты тіркеп үлгере аламыз ба?

– Білмеймін. Ертерек әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, тым кеш болып барады. Өйткені, Марин екі айдай алаңға шыққан жоқ. Бабына келу үшін де уақыт қажет. Командаға сіңісіп кету де оңай болмайтыны түсінікті. Томасов бізге аса керек ойыншы. Әсіресе Чемпиондар лигасы үшін. Ал Қазақстан чемпионаты үшін ойыншыларымыз жетіп жатыр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика