– Ең бастысы, футболшылардың барлығы аман-есен. Жарақат алған ешкім жоқ. Енді ертең жанкүйерлеріміздің алдында жарқын жеңіске жетуіміз керек. Түзде 1:0 есебімен ұтқанымыз кішкене сенімділік сыйлайды. Дегенмен, босаңсымау керек, - деп бастады Станимир.
– Ертең «Астана» сапынан Марин Томасовты көре аламыз ба?
– Бұл сұрақты маған емес, команда басшылығына қойғаныңыз дұрыс. Оны әлі клубқа тіркей алған жоқпыз. Әйтпесе, мен де оны ойнатқым келіп жүр.
– Ертең комада құрамында қандай да бір өзгерістер бола ма?
– Алаңға шығуға дайын ойыншылардың барлығы хаттамада болатыны анық. Аса қатты өзгерістер бола қоймайды. Дегенмен, бізді алдағы бір аптаның ішінде үш ойын күтіп тұр. Сондықтан, күшімізді өлшеп ойнауымыз керек.
– Егер «Спартакты» ұтатын болсақ, келесі кезеңде бізді Польшаның «Легиясы» күтеді. Маңызды ойынның қарсаңында «Тобылмен» болатын ойынды кейінге шегеру жайлы ойлаған жоқсыздар ма?
– Маусымның бас кезіндегідей емес, қазір аптасына үш рет ойнап үйреніп қалдық. Тек футболшыларды әр ойынға бөліп тастайтын шығармыз. Егер Чемпиондар лигасында келесі кезеңдерге шығатын болсақ, тамыз айынан бастап бізді маңызды матчтар күтеді. Міне, сол кезде Премьер-лиганың кейбір ойындарын кейінге шегеру туралы ойлануға болатын шығар.
– Бас бапкері Белоруссияның «Шахтеріне» кеткен Юрмаланың «Спартагы» қазір бас жаттықтырушысыз қалды. Бұл сіздерге оңайлық туғызатын шығар?
– Дәл осындай маңызды ойындардың алдында бас бапкерінен айрылу ешбір командаға оңай тимейтіні анық қой. «Спартактың» бас бапкері бас чемпионатты өзіне дұрыс көрген болар. Оны да түсінуге болады. Дегенмен, бұдан «Спартак» әлсіреп қалады деп айтуға болмайтын шығар. Екі күнде ешнәрсе өзгере қоймайды ғой. «Спартактың» бұрыннан қалыптасқан өз ойындары бар.
– Ертең 90 минут бойы шабуылдап, ірі есеппен жеңуге тырысамыз ба, әлде күшімізді кейінге қалдырып, минималды есеппен жеңсек жеткілікті ме?
– Ойын жағдайы көрсетеді. «Астана» ешқашан өз алаңында екінші нөмірмен ойнаған емес. Ертең де тізгін өз қолымызда болады. Негізгі күшті шабуылға саламыз. Егер ірі есеппен жеңіп, жанкүйерлерімізді жеңіп жатсақ, қуанамын. Егер бір доп айырмашылығымен ұтсақ, оған да тәуба.
– «Спартакпен» Юрмалада болған ойында қақпаға 19 соққы жасап, бір ғана гол соға алдыңыздар. Алғы шептегі сылбырлықты қалай жоймақсыздар?
– Мұнымен біз маусым басынан бері күресіп келеміз. Ең бастысы, өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермей, голға айналдыруымыз қажет. Алайда, әрбір сырт алаңдағы ойында 1:0 есебімен жеңіп жатсақ, соған да қуанар едім.
– «Спартакты» ұтсақ, алдымыздан «Легия» шығатын сияқты. Польшаның командасы жайлы не айтасыз?
– Алдымен латвиялықтарды өтіп алуымыз керек. Одан кейін чемпионаттың ойындары бар. Сосын ғана «Легия» туралы ойланамыз. Әлбетте, олар қағаз жүзінде фаворит болары анық. Былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, «Реалмен» терезесі тең қарсылық көрсеткен. Алайда, футболда үнемі фавориттер жеңе бермейді.