Вернуться к списку статей

Боранбаевтан бір сабақ – Легионер тіркеудің тиімді жолы

Футбол
2K
Седрик Гогуа мен Мохаммед Конате. Фотолар fckairat.com сайтынан алынды
«Қайрат» футбол клубы ивуарлық соңғы екі легионерін Бірінші лигада ойнайтын жастарының сапына тіркеді...

Орталық қорғаушы Седрик Гогуа мен шабуылшы Мохаммед Конате көпшілік күткендей «Қайраттың» емес, Бірінші лигадағы «Қайрат А» командасының сапына тіркелді. Өйткені Алматы клубының премьер-лигадағы құрамында сегіз легионер бар (Арзо Ампоста, Элек, Бато, Аршавин, Исаэль, Иличевич, Гоу және Анене).

«Қайрат» футбол клубы «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген қазақтың мағынасы терең мақалын дәл осы жерде қолданып отырғандай. Кот-д'Иваур футболшылары Бірінші лигада қанша ойнайды, әлде мүлде ойнамай ма, оны уақыт көрсетер...

Бірақ осы екеуі ертең «Қайраттың» Еуропа лигасындағы ойындарында алаңға шығып жатса, мүлде таң қалмаймыз. Қалай десек те, Седрик Гогуа мен Мохаммед Конате – Алматы клубының ертеңін ойлап, әкеліп отырған футболшылары.

Өздеріңіз білесіздер, премьер-лига матчтарында әрбір команда ойын хаттамасына сегіз легионер тіркеп, оның алтауын алаңға шығара алады. Сонымен қатар, Кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің 2 ақпан күні өткен жалпы жиналысында тағы да, қосымша екі легионерден тіркеуге болатындығы туралы шешім қабылданған. Бірақ әрбір қосымша легионер үшін қомақты көлемде сыйақы төлеу керек...

«Қайрат» аталған екі легионері үшін қомақты қаржы төлемей, оларды жастарының құрамына тіркеп отыр. Бұл ақшаны тиімді пайдалану емес пе?! Ал бізде қосымша легионерлері үшін қып-қызыл ақша төлеп отырған клубтар бар. Әрі біреу емес....

«Ордабасы» неге «Қыран» мен «Мақтааралдың» біреуін фарм-клубы ретінде тіркеп, артық легионерлерін дәл осылай пайдаланбады? Естеріңізде ме, «Қайсар» маусым басында «Байқоңырды» өзінің құрылымдық жүйесіне кіретін команда етіп, қайта тіркеп алып еді ғой...   

Жалпы, «Қайрат» клубы Байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев футбол менеджменті саласын өте жақсы меңгергендігін көрсетіп, тиімді шешімдер қабылдап жүр. Мәселен, қазір беделді басылымдар әр клубты (әсіресе, бақуатты командаларды) тегін «жарнамалағысы» келмейді.

Ал Алматы клубы Андрей Аршавинді алып еді, біздің еліміздегі орыс тілді басылымдар «Қайрат» жайлы жарыса жаза бастады. Осылай бұл клуб Ресей басылымдарының да «сүйікті командасына» айналып шыға келді. Бәрі де Аршавиннің әрбір голы тұрмақ, әр соққысын аңдып, көздерін тігіп отыр...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика