Дәл қазір Орал клубының жағдайы мәз емес. “Қалтасының” түбі көріне бастаған сияқты. Кейбір ойыншылары кетіп жатыр. Абырой болғанда, олардың орындарын өзге клубтарда қосалқы құрам орындығында отырып қалған футболшылармен толықтырудың сәті түскендей. Ал «Қайрат» – Қазақстан премьер-лигасындағы ең бай клубтардың бірі...
Қызық болғанда, «Ақжайық» осымен екінші рет «Қайраттан» ұпай алу мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірінші айналымда алматылықтарымен ІХ турда кездескен. Дәл сол кезде «Қайраттың» екі қақпашысы да жарақаттанып қалып, қақпаға амалсыз жас голкиперін қойған...
Естеріңізде ме, әрі орталық қорғаушылары да қатардан шығып қалған-ды. «Қайраттың» бапкерлері қорғанысқа тірек болар шепте ойнайтын легионері мен қапталдағы қорғаушысының бірін бекінісінің бел ортасына қоюға мәжбүр болған.
Бірақ «Ақжайық» сол ойында «Қайраттың» осал тұсын “басып” көре алмай, тіпті қақпасына маңайлай алмай, көресіні жойқын шабуылынан көрген. Алатау бөктерінде 1:4 есебімен ұтылып қалған болатын. Бүгін де Балтық жағалауынан жол соғып, титықтап келген командаға есе жіберіп алды.
«Қайрат» бұл ойында өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Шынымен де, Литвадан шаршап келген бе, алғы шепте әдеттегідей көсіле сілтей алмады. Әйтеуір, техникалық шеберлігі жоғары Исаэльдің ғаламат соққысының арқасында бір гол соғып, алға шықты.
Матч соңында төреші «Қайраттың» қақпасына пенальти берді. Алайда «Ақжайықтың» ойыншысы Юрий Перцух 11 метрлік айып соққысынан мүлт кетті. Оның соққысын Стас Покатилов тойтарды. Орал клубы тағдырдың ба, төрешінің бе “сыйын” кәдеге жарата алмай, бір ұпайға қол жеткізе алмады.
«Ақжайық» – «Қайрат» – 0:1 (0:0)
Гол: Исаэль, 58.
87-минутта Перцух («А») пенальти соға алмады.
Ескертулер: Исламхан, 68. Ахметов, 86.
«Ақжайық»: Төлебаев, Ерсәлімов (Шабаев, 75), Николич, Одибе, Шмидт, Говедарица, Сапанов (к), Главина (Тапалов, 60), Перцух, Аренас (Антипов, 79), Дудченко.
Қосалқы құрам: Котляр, Жарылғасов, Заречный, Сапарбекұлы, Зұлфықаров, Аяғанов.
«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Бато, Элек, Сүйімбаев, Бакаев, Қуат, Исламхан (к) (Арзо Ампоста, 88), Исаэль (Балтабаев, 90+3), Анене (Тұрысбек, 74), Гоу.
Қосалқы құрам: Плотников, Иличевич, Рудосельский, Әбікен.
Төрешілер: Кумашев (Астана), Попов, Журавлев (екеуі де – Павлодар).
9 шілде. Орал, П.Атоян атындағы стадион. 4000 көрермен.