Дүр Оңғар Дырқай ұлы өз заманында «Ел – Шаңырақ, ел – уық» деп жырлаған. Ал біздің Оңғар жыраудың жырындағы сөздерге ұқсастырып, «Астана» – Шаңырақ, жанкүйерлері – уық, Жетелер жеңіске ырзалық! – дегіміз келеді.
Жалпы, бізге «Астана» клубының, бұл клубтың басшылары мен менеджерінің ұлттық болмысты команда болуға талпынатын әрекеттері ұнайды. Бүгін міне, осындай ізгілікті шешімдерінің біріне куә болып отырмыз.
Шаңырақ ұғымының – ұлтымызға тән дүниетаным, наным-сенім, салт-дәстүр секілді мәдени факторлардағы алатын орны ерекше. Шаңырақ – қазақ мәдениетінің дәстүрлі элементі, үй, ошақ және ұрпақ жалғастығының символы. Қазіргі таңда осы бір киелі сөз халқымыздың дәстүрін көрсететін тұрмыс-салттық жағдайда ғана емес, қоғамның басқа да салаларында қолданылып, дәстүрлі жалғастықпен келе жатқан мирастық ұғымын білдіреді.
«Осы маусымда, нақтырақ айтсақ бүгінгі ойыннан бастап, «Астана» командасы техникалық демеушісі ADIDAS компаниясы ұсынған жаңа ойын формасымен алаңға шығады», – деп мәлімдейді ел чемпионының ресми сайты.
ADIDAS компаниясы «Астана» футбол клубы үшін арнайы Miteam желісі бойынша, көк және көгілдір түсті графикалық сурет бейнеленген ақ, сұрғылт-көк және қанық-сары үш түсті форма (киім үлгісін) дайындапты. Соңғы екі екеуінің жейдесінің төменгі бөлігінде шаңырақ бейнесі бейнеленген көрінеді.
– Бүгін баршамыз үшін айтулы күн – елордамыз Астананың туған күні! Клубымыздың барлық жанкүйерлерін бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Дәл осындай айтулы мерекеде біз жаңа жейдемен ойнайтын боламыз. «Астана» – УЕФА Чемпиондар лигасында Қазақстанның намысын қорғайтын отандық жалғыз клуб болғандықтан, команда формасы ерекше болғанын қаладық.
Шаңырақ – Қазақстанның символына айналған, ерекше графикалық элемент. Футбол сүйер қауым біздің жейдемізді көргенде тек елімізде ғана емес, Еуропада да Қазақ елі командасы екенімізді айқындап тұрса дейміз. «Астана» Чемпиондар лигасында осындай жейдемен өнер көрсетуі үшін, УЕФА-ның арнайы шешімін ұзақ уақыт күттік. Міне, сол келіссөздер сәтті аяқталып, біз жаңа ойын жейдесімен алаңға шығуға дайынбыз.
Алдағы бірнеше аптадан кейін жаңа ойын жейдесінің арнайы таныстырылымын ұйымдастыратын боламыз. Таныстыру рәсімі аяқталғаннан кейін жаңа ойын формасын біздің сауда орындарымыздан сатып алуға толықтай мүмкіндіктеріңіз болады. Жанкүйерлер үшін тағы бір қуанышты жаңалық – біз осы жолы тек ерлерге арналған ойын формасын емес, кішкентай балалар мен әйел адамдарға арналған үлгісін де ұсынғалы отырмыз. – дейді «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов.