Бүгінгі матчта «Ордабасы» сапында Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев болмады. Ал бұл екеуі осы команданың жанкешті жігіттері еді. 90 минут бойы айылдарын тартпайтын осы екеуінің орындары үңірейіп тұрғандай болды...
«Қайрат» тағы да екеуара кездесуді аса жоғары қарқында бастады. Атойлап алға шауып, алаң иелерін састырды. Ойынның 18-минутында екі доп айырмасымен алға шығып, алаң иелерін сең соққандай күйге түсірді.
Әуелі Ғафуржан Сүйімбаев айып алаңынан кері қайтқан допты алыстан шірене теуіп, қақпа торын жырта жаздады. Қақпашы доптың қай жақтан ұшып келе жатқандығын көрмей де қалды, ал қорғаушылар тосқауыл бола алмады...
Көп ұзамай «Қайрат» тағы бір гол соқты. Жерар Гоу басымен қақпа бұрышын дәл көздеді. Жалпы, «Қайраттың» бұдан кейін де гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ бұдан кейін гол соғудың сәті түспеді.
Екінші таймда «Ордабасы» шабуылды үдетті. Тайлы-таяғымен алға шықты. Қонақтарын қыспаққа алды. «Қайрат» тек қарсы шабуыл ұйымдастырумен шектелді. Бірақ алаң иелерін өз қақпаларына маңайлатпай қойды. Қорғаныста сауатты ойнады.
74-минутта алға қарай ентелеген Еркебұлан Тұңғышбаеты қонақтардың қорғаушысы Елдос Ахметов қолымен тартып құлатты. Пенальтиді орындауға Александр Симчевич “жұлқынып” шықты. Өткен матчта Виталий Ли мүлтіксіз орындап еді...
Сонымен не керек, серб қорғаушысы Владимир Плотниковтен айласын асыра алмады. Допты қақпашы атылған бұрышқа қарай теуіп, жаза басты. Симчевичтің мүлт кетуі ойыншыларға айрықша әсер еткендей болды. Қонақтар жігерлене түсіп, алаң иелерінің ұнжырғалары түсіп кетті.
Егер «Ордабасы» осы пенальтиді соғып, есепті қысқартқанда, онда олардың тоқтату қиын болар еді. Алаң иелеріне қалған уақытта кемі бір гол соғып кетулері де мүмкін еді. Бірақ олай болмады. Оңтүстікқазақстандықтар қанша шабуылдаса да, «Қайраттың» қақпасына доп сала алмады...
«Ордабасы» – «Қайрат» – 0:2 (0:2)
Голдар: Сүйімбаев, 7. Гоу, 18.
75-минутта Симчевич пенальти соға алмады.
Ескертулер: Исламхан, 1. Диакате, 22, Қуат, 32. Жұмаханов, 51. Тұңғышбаев, 55. Аршавин, 79.
«Ордабасы»: Бекбаев (к), Төлебек, Фонтанелло, Ерланов, Симчевич, Диакате, Ковальчук, Бочаров, Тұңғышбаев, Жұмаханов (Әшірбеков, 58), Йорданов (Ли, 46).
Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Ирисметов, Адырбеков, Бейсенов, Мұхтаров, Қожабаев.
«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Арзо, Ахметов, Сүйімбаев, Бакаев, Қуат (Рудосельский, 90+2), Исаэль, Аршавин (Иличевич, 79), Исламхан (к) (Жуков, 65), Гоу.
Қосалқы құрам: Покатилов, Анене Чума, Тұрысбек.
Төрешілер: Искаков, Әубәкіров, Құсайынов (бәрі де – Астана).
24 маусым. Шымкент, "Намыс" стадионы. 4500 көрермен.