Вернуться к списку статей

Санат Жұмаханов – Ел чемпионатындағы өзгерістер футболшылардың басын қатырмауы тиіс

Футбол
1K
Санат Жұмаханов бүгінде
Санат Жұмаханов былтыр қараша айында өткен ұлттық құрамамыздың соңғы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған.

Астана футбол федерациясының аясында өтетін қала біріншілігінен футбол жұлдыздарын аз көрмейсің. Кәсіпқой карьерасын аяқтағандарды да, уақытша үзіліс алғандарды да, болашақ жұлдыздарды да осы жерден табасыз. Кеше кезекті ойындардың бірінен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Санат Жұмахановты кездестіріп қалдық. «Достар» әуесқой командасының сапында ойнайды екен. Елордадағы ең мықты командалардың бірі Айсұлтан Назарбаевтың «Школьнигіне» қарсы ойнап, маусымдағы алғашқы голын соқты. Ал оның командасы 2:1 есебімен жеңді. Матчтан кейін Санатпен аз-кем әңгімелесіп, биылғы маусымдағы жоспарын білген едік.

– Санат, Астананың әуесқой командасы «Достар» сапына қалай тап болдыңыз?

– Қазір Премьер-лиганың барлық клубы Түркияға ұшып кетті. Оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Өзім әзірге боспын. Бір күні Мұрат Тілешев хабарласты. Ол да «Достарда» ойнайды екен. Айтпақшы, бүгін ол да гол соқты. «Үйде жата бергенше бізбен бірге доп тепсеңші. Бір жағынан бабыңда жүруге көмек болады» деді. Ойланған жоқпын. Қуана келістім. Оның үстіне, «Достардан» Егор Азовский мен Максим Азовскийді де көріп қалдым. Басқа да шебер ойыншылар бар. Премьер-лига болмаса да, өзіңді Бірінші лигада жүргендей сезінеді екенсің.

– «Достар» сапында екі ойын өткізіп үлгердіңіз. Әсеріңіз қандай? Үйренісіп үлгердіңіз бе?

– Команда мені бірден жақсы қабылдады. Сіңісіп кету қиын болған жоқ. Әлбетте, бірінші кездесуде ірі есеппен жеңгенімізбен өзім үшін кішкене ауырлау тиді. Ал бұл жолғы қарсыласымыз мықты болды. «Школьник» те қала біріншілігіндегі басты фавориттердің бірі екен. Маған осы командамен болған ойын көбірек ұнады.

– Кезінде «Қыран» сапында Бірінші лигада доп тепкеніңізді білеміз. «Достар» – «Школьник» матчын Бірінші лиганың ойындарымен салыстыруға келе ме?

– Бұл енді артығырақ шығар. Ол енді кәсіпқой деңгейдегі футбол ғой. Ойыншылардың да шеберлігі жоғарырақ. Ал мұнда әуесқой футбол. Әркім өз ләззаты үшін доп тебеді. Дегенмен, кейбір футболшылардың шеберліктері шынымен де көз қуантады. Астана біріншілігінің де өзіндік қызығы бар екеніне көзім жетті.

– Ал Премьер-лига клубтарынан шақыртулар түсіп жатқан жоқ па? Жалпы, алдағы маусымды қай команданың сапында өткізбексіз?

– Қазір барлық командалар Түркияда оқу-жаттығу жиындарында жүр. Әзірге нақтылық жоқ. Бәрі келіссөздер мен әңгіме жүзінде ғана. Екі-үш командамен сөйлесіп жатырмыз. Барлық мәселе реттелген соң біреуіне ауысамын ғой.

– Өткен маусымнан кейін «Оқжетпес» командада қалуға ұсыныс жасамады ма?

– Көкшетаулық клубпен бір ғана жылға келісімшартқа отырғанбыз. Маусым соңында ол жақтан еркін агент ретінде кеттім. Командада қалу жайлы әңгіме болмады.

– Былтыр маусым соңына таман «Оқжетпес» футболшыларына айлық төлемей жүр екен» деген әңгімелер тараған еді. Бұл қаншалықты рас?

– Бұл жағын қазбаламай-ақ қояйыншы. Өткен маусымның басында клуб басшылығы бізге «үздік алтылықта болуымыз керек» деген тапсырма қойды. Ал үздік алтылыққа енгеннен кейін біздің алдымызға жаңа тапсырма қоймады. Соған сәйкес, сыйақы да болған жоқ. Дегенмен, біз өз атымыз үшін, жанкүйерлердің намысы үшін, клуб абыройы үшін ойнадық. Қиындықтарға қарамастан маусымды бесінші орында аяқтай білдік.

– Жалпы, былтырғы маусымды өзіңіз үшін сәтті болды деп айта аласыз ба?

– 2015 жылмен салыстырғанда былтыр карьерамда кішкене регресс болғаны рас. Негізгі құрамға көп шықпадым. Бапкерлер тарапынан да сенім ойдағыдай болған жоқ. Егер 25 ойын өткізсем, көңілім толар еді. Ал 2015 жылы «Таразда» мен үнемі негізгі құрамда болдым.

– Сол жылы ұлттық құрамаға да шақырту алған едіңіз...

– Иә, ұлттық құрамадағы алғашқы ойынымды 2015 жылы өткізгенмін. Дегенмен, Талғат Маруанұлымен хабар алмасып тұрамыз. Ол біздің әрқайсымыздың әлеуетімізді жақсы біледі. Былтыр ұлттық құрамамыздың соңғы оқу-жаттығу жиынына шақырған. Бәрі өзімізге байланысты ғой. Егер жақсы ойнасақ, алдағы уақытта да бас командамызға шақырту алып тұрарымызға сенімдімін.

– Санат, алдағы маусымдағы өзгерістерге байланысты өз пікіріңмен бөліссеңіз. Премьер-лиганың екі алтылыққа бөлінбей, үш айналымнан тұруы көңіліңізден шыға ма?

– Мұндай ережелер футболшылардың бастарын қатырмауы тиіс. Қандай өзгеріс, қандай ереже болмасын, біз бірінші ретте футбол ойнауымыз керек. Бағасын маусым соңында берерміз. Қалай болған күнде де бұл жаңашылдық бізге қызық болып тұр. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика