«Қайсар» былтыр Бірінші лигада ойнады. Тағдырдың жазуы солай болғандай. Қазекем «әр нәрсенің қайыры бар» дегендей, мұның да пайдасы болды ма деп қалдық. Біздікі әншейін, сырттай «тон пішу» ғой. Десек те, содан бері Қызылорда клубы қамшыны басты...
Өткен жылы Бірінші лигада топ жарды. 28 ойынның біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты. 20 матчта жеңіске жетіп, жанкүйерлерін желпіндірді. Ауызекі тілмен айтқанда, аталмыш лигада үстемдік құрды. Ең бастысы, отандық мамандарға сенім артып, үздік шықты. Бас бапкері Сұлтан Әбілдаев болып, оған Александр Москаленко көмектесті.
Әрине, премьер-лигада нәтижелі ойын өрнегін көрсету үшін құрамын нығайту керек болатын. Сондықтан «Қайсар» өзгерісті бас бапкерінен бастады. Команда тізгіні Болгарияның білікті маманы, Қазақстан чемпионатына бейімделіп қалған Стойчо Младеновке сеніп тапсырылды. 2016 жылғы маусымның жартысында «Атырауды» жаттықтырған білікті бапкер әлі жерге қаратқан жоқ.
Әуелі шама-шарықтарына қарай құрамдарын жасақтады. Команда сапына Мақсат Байжанов («Шахтер»), Ілияс Әмірсейітов («Жетісу»), Алексей Мулдаров («Атырау»), Валерий Коробкин («Атырау»), Евгений Горячий («Шахтер»), Дмитрий Евстигнеев («Тараз»), Александр Григоренко («Тараз»), Валентин Чуреев («Атырау») сынды өз чемпионатымыздағы ойыншылар тартылды.
Сонымен қатар, Джон Банколе Камара (Сьерра-Леоне, «Рига»), Абдель Азиз Ламанж (Франция, «Атырау»), Матиас Курьор (Мартиника, «Локомотив», Болгария), Владимир Аржанов (Украина, «Атырау»), Саиди Нтибазонкиза (Бурунди, «Кан», Франция) және Стефан Николич (Crna Gora, «Радник», Сербия) сынды легионерлерге үміт артылды.
«Қайсар» сенімді ақтап, биылғы маусымды өте жоғары қарқында бастады. Екінші және үшінші турда көш бастап, бірінші орынға шықты. Алтыншы турға дейін ұтылған жоқ. Дәл қазір 16 ойыннан 17 ұпай жинап, 6-орында тұр.
Әрине, футбол додасы, яғни ел чемпионаты алыс қашықтағы жарыс секілді – ұзақ және өте шиеленісті. Деңгейі жоғары командалар аз емес. Команданың қосалқы құрамында да тәжірибелі және әлеуеті жоғары футболшылар көп болуы керек. Негізгі құрамдағы ойыншылар шаршап немесе жарақат алып қалса, оларды алмастыра алатын жанкешті жігіттер де керек-ақ.
Сол себепті «Қайсар» қазір премьер-лигадағы өзге клубтарымыз сияқты құрамын екшеп жатыр. Әзірше Қазақстан қорғаушысы Бауыржан Омаровпен және серб шабуылшысы Милан Бойовичпен келісімшартқа отырды. Әлі де кейбір шептерін нығайтуды ойлап, тәжірибелі ойыншыларды сынақтан өткізіп жүргендей...
Сөз жоқ, маусым басында ойқастып, көш бастаған, қазір 6-орында тұрған «Қайсар» бұдан да жоғары өрлеуді көксейді. Қазақстан чемпионатында 4-орынға ие болған команда Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болады. Қызылорда клубы оны да ойламайды, армандамайды дейсіз бе?..
Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде Еурододаны армандайтын деңгейге, хәлге жету оңай емес, әрине. Оның бәрі – жүйелі жұмыстың, сындарлы саясаттың, игілікті істердің жемісі. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тізе қоса қимылдаудың арқасында «Қайсар» міне, адымдап келеді.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді қазақ, бүгінде Қызылорда футболы сүттей ұйыған берекелі шаңырақтың үлгісін танытып келе жатқандай. Өз басым «Қайсардан» гөрі «Байқоңырдың» әрбір жеңісіне сүйсінеміз. Себебі бұл командада тек қазақтың балалары ойнайды. Біле білсек, Қазақстанда бұдан басқа тек қазақ жігіттерінен жасақталған команда жоқ.
Бүгінде Қызылорда футболының осылай көпшілікті сүйсіндіріп отырған жайы бар. Ал мұның бәрі бір адамның арқасында ғана жүзеге асып отырған шаруа емес. Бұл ретте өңірдегі футбол федерациясының жетекшілерін, «Қайсар» клубының басшыларын, тіпті бас бапкерін де, облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысын, сондай-ақ облыс әкімін атап өтуге болады.
Стойчо Младенов қазағы көп өңірге «тастай батып, судай сіңіп» бара жатқандай. Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге қарсы алып, ұлтымыздың салт-дәстүрінің көбісін өз көзімен көрді. Жақында тіпті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып қайтты.
Садық Мұстафаев қазір Сыр елінде жоқ. Бірақ осы бір іскер азаматтың Қызылорда футболының жетіле түсуіне қосқан сүбелі үлесі мен елеулі еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Ал облыс әкімі Қырымбек Көшербаев футболшыларына қолдау көрсетіп, еркше көңіл бөліп келеді. «Қайсар» Бірінші лигада ойнағанның өзінде, «арландардың» үйдегі ойындарынан қалмауға тырысатындығын білеміз.
Енді Сыр өңірі «Қайсардың» бір күндік қана команда, «Байқоңырдың» бір жылдық қана жоба емес екендігін дәлелдеп, жыл сайын деңгейлері мен көрсеткіштерін көтере берсе, нұр үстіне нұр болар еді. «Байқоңыры» талай таланттың томағасын сыпырып отырса, «Қайсары» ел чемпионатында жүлдеге ілігіп, Еурокубок додаларының көрігін қыздырып жүреді деп ойлаймыз...