Вернуться к списку статей

Қазақстандық бапкерлердің болгар мамандарынан қай жері кем?

Футбол
1K
Стойчо Младенов пен Станимир Стойлов
Соңғы кездері Қазақстан Премьер-лигасында болгар бапкерлерінің қатары көбейіп келеді. Шығыстың «Алтайын» қолға алған Илиан Илиев «Ванганың отанынан» келген төртінші маман. Салыстырмалы түрде айта кетейік, қазақстандық бас бапкерлер Премьер-лигада екеу-ақ. Ал болгар бапкерлеріне құмарлық қайдан пайда болды? Олардың біздің мамандардан қай жері артық?

Қазақстан футболына келген алғашқы болгар бапкері – Радостин Димов. Алайда, 2012 жылдың қаңтарында «Каспийдің» тізгінін қолға алған Димов Ақтауда көп тұрақтай алған жоқ. Сол маусымда-ақ клуб басшылары Балқан түбегінен келген бапкерді «қуып шықты». Тамыз айы болатын. Бірінші лиганың 17 туры артта қалған. Команда 7 матчта жеңіске жетсе, жетеуінде ұтылып, қалған үшеуінде тең түскен. Турнир кестесінде 16 команданың ішінде небары 11-ші орында тұрды. Әу баста үздік бестікті мақсат қылған клуб басшыларына бұл ұнай қоймады.

Дегенмен, Димовтан кейінгі болгар бапкерлері Қазақстанда жаман болып жатқан жоқ. 2014 жылдың жазында келген Станимир Стойлов «Астанамен» бірге Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Ел Суперкубогына қол жеткізіп, былтыр Чемпиондар лигасының, биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығарды.

Одан кейін 2015 жылдың жазында «Ертіске» Димитар Димитров келді. Павлодарлықтардың қаржылық қиындықтарына қарамастан сол маусымда команданы үздік алтылыққа шығара алды. Былтыр үздік үштікке шығарып, ел кубогының жартылай финалына дейін жеткізді. Енді биыл Еуропа лигасында ойнайды.

Былтыр Стойчо Младеновті күтіп алдық. Маусым айының басында «Атырауда» Владимир Никитенконы алмастырды. Бұл кезде «Атырау» 14 ойыннан кейін небәрі үш-ақ жеңіспен турнир кестесінде 9-орында тұрған. Младенов келгелі «мұнайшылардың» ойындарына әр кіріп, сәл болмағанда үздік алтылыққа кірер еді. Алайда, «Ақтөбе» мен «Ордабасының» «ауыз жаласқаны» кедергі болды. Ел кубогында команда жартылай финалға дейін жетіп, «Қайратқа» жол берді. Биыл Қызылорданың «Қайсарын» өрге сүйремек.

Ал жақында аталмыш елден тағы бір маманда «Алтай» шақыртты. Әзірге Илиан Илиевтің әлеуетіне баға беру ертерек.





Расымен де Қазақстанға келіп жатқан болгар бапкерлерінің ешқайсысы әлсіз емес. Стойлов та, Димитров пен Младенов те бір кездері Болгария ұлттық құрамасын жаттықтырғандар. Болгария чемпионатын бір емес, екі реттен жеңіп алғандар. Өз елінде Мери ретінде танымал Станимир Стойлов былтыр Болгарияның үздік жаттықтырушысы атанған, биыл екінші орын алған. Жалпы, болгар бапкерлеріне деген оң көзқарас осы маманнан басталды. 2013 жыл болатын. Ол кезде Стойлов Болгарияның «Ботевін» жаттықтырды. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Астанамен» кездесіп, алдымен «Астана-Аренада» 1:0 есебімен ұтса, Пловдивте жауапсыз бес гол соқты. Содан кейін елордалық клубтың басшылығы бірден ұсыныс жасап, Мериді Қазақстанға шақыртып алды. Станимирдің «Астанадағы» абыройлы қызметі Болгарияның өзге де бапкерлеріне көпір салды.

Болгарияның бапкерлеріне, ішкі футболына қызығасың. Ұлттық құрамасынан бастап, ішкі чемпионаттағы 16 командасына дейін жергілікті мамандар жаттықтырады. 

Ал бізде ше? Премьер-лигадағы 12 клубымыздың екеуінде ғана жергілікті мамандар. Қалғандарының көсегесін сырттан келген көгертіп жүр. Сонда біздің мамандар әлсіз бе, әлде оларға сенім жоқ па? Байыбына барып қарасаңыз екі нұсқамен де келісуге болады. Қазақстандық жаттықтырушылардың эталоны саналатын Ваит Талғаев пен Дмитрий Огайдың өздері Бірінші лигаға барып жатқанда, өзгелерден не сұрайсыз?.. Әлбетте, біліктілігің тасып бара жатса, сұраныс та болады ғой. Ал шақырмады ма, демек сырттан келген мамандардың жанында соншалықты мықты емессің. Әйтпесе, Серік Әбдуәлиевке де, Алмас Құлшынбаев пен Дмитрий Огайға да мүмкіндіктер берілді. Бәлкім, деңгейлері сол шығар? Мүмкін, сыртқа шығып, Еуропаның еңселі клубтарынан өндірістік тәжірибеден өтіп келу керек шығар. Бұрындары «Дмитрий Огай «Валенсияға» барып шеберлік алмасып қайтыпты, Нүркен Мазбаев Англияға барып оқып келіпті» деген сынды әңгімелерді жиі естіп жүруші едік. Бұл күндері «қазақстандық бапкер шетелге барып, білімін толықтырып келді» дегенді мүлдем естімейтін болдық. Әлде, Қазақстан футбол федерациясына осы жағын қолға алып, болашағынан мол үміт күттіретін жас мамандарды Еуропаға оқытып қайту керек пе?

Қазақстан клубтарының бас бапкерлері

Команда

Бас бапкер

Азаматтығы

Астана

Станимир Стойлов

Болгария

Қайрат (Алматы)

Кахабер Цхададзе

Грузия

Ертіс (Павлодар)

Димитар Димитров

Болгария

Ордабасы (Шымкент)

Бақтияр Байсейітов

Қазақстан

Оқжетпес (Көкшетау)

Владимир Муханов

Ресей

Ақтөбе

Игорь Рахаев

Украина

Тобыл (Қостанай)

Омари Тетрадзе

Ресей

Атырау

Зоран Вулич

Хорватия

Шахтер (Қарағанды)

Алексей Еременко

Ресей

Ақжайық (Орал)

Вахид Масудов

Қазақстан

Қайсар (Қызылорда)

Стойчо Младенов

Болгария

Алтай (ШҚО)

Илиан Илиев

Болгария

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика