Дания құрамасы Алматыға келерде дайындығын пысықтап, деңгейі жоғары командамен жолдастық кездесу өткізді. Ойын өте тартысты болды. Мұны дат елінің футбол одағы өздерінің ресми сайтын ерекше атап өтіп, «бірінші таймда екі құрама да өрнекті ойын үлгісін көрсетті» деп жазды.
Рас, Германия құрамасының сапында жас футболшылары да болды. Десек те, бұл ойын аса жоғары дейгейде өтті. Екі құраманың да қақпашылары бірнеше рет, өте қауіпті сәттерде қас шеберлік, көз ілеспес шапшаңдық танытып, тәнті етті.
18 минутта Дания футболшылары гол соғып, алға шықты. Германия қорғаушылары өрескел қателік жіберіп, оны Англияның «Тоттенхэм» клубында ойнайтын Кристиан Эриксен қалт жіберген жоқ. Допты “қиып” алып, шірене тартты.
Дания құрамасы гол соққаннан кейін де тізгін тартқан жоқ. Шабуылдаумен болды. Алайда екінші таймның аяғында әйгілі «неміс мәшинесі» жылдамдығын үдетіп, қыспаққа ала түсті. Ақыры, 88-минутта таразы басын теңестіріп тынды. Джошуа Киммих допты басынан асыра теуіп, Фредерик Рённов пен қақпашыларды қапы қалдырды.
Бұл Дания және Германия құрамаларының бесінші рет тең түсулері екен. Қалған 26 ойының 17-сінде немістер, тоғызында дат футболшылары жеңіске жетіпті. Енді Оге Харейденің шәкірттері шалғайдағы қазақ даласына сапар шегеді.
Дания – Германия – 1:1 (1:0).
Голдар: Эриксен, 18 (1:0). Киммих, 88 (1:1).
Дания: Реннов, Й.Ларсен (Соренсен, 65), Кристенсен (Занка, 46), Вестергор, Дурмиси, Квист (Шёне, 46), Дилейни, Ю.Поульсен (Вибе, 77), Брейтуэйт, Эриксен (Лерагер, 65), Йоргенсен (Дольберг, 76).
Германия: Трапп, Гинтер (Юнес, 66), Рюдигер, Зюле, Гектор (Платтенхардт, 89), Киммих, Руди (Джан, 59), Горецка (Демирбай, 78), Дракслер, Штиндль, Вагнер (Брандт, 67).
Осы ретте айта кетейік, 2018 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу турнирінің «Е» тобындағы басқа да құрамалар жолдастық кездесулер өткізіп, кезекі ойындары алдында футболшыларын бір тексеріп алды:
Црна Гора – Иран – 1:2
Армения – Сент-Киттс және Невис – 5:0