«Ақжайық» биылғы маусымдағы бұған дейінгі ойындарында өз алаңында ұтылған жоқ болатын. Бірақ ХІІІ турда Жайық жағасында жеңілістің кермек дәмін татты. Бір ұпай да ұстатпай кеткен – еліміздің соңғы үш жылдағы чемпионы «Астана».
Бірақ «Астана» үш ұпай мен жеңіске оңайшылықпен қол жеткізді деп айта алмаймыз. «Ақжайық» бірінші таймда дес бермей, тайталасып бақты. Тіпті бір сағат бойы қақпасына гол жіберген жоқ. Алайда деңгейі жоғары чемпион өз дегеніне жетіп тынды.
Есепті Беларусь құрамасының ойыншысы Иван Маевский ашты. Бірақ оның бірінші голын төреші есепке алмады. Әйтсе де, көп ұзамай, қақпашы тойтарған допты тым жақыннан қақпаға шірене тепті. Гол.
«Астана» мұнымен шектеліп қалмады, қарқынын үдете түсті. Келесі бір ойын сәтінде «Ақжайықтың» қорғаушысы сол қапталмен алға ентелеген Муртазаевты шалып құлатты. Төреші оған ойланбастан сары қағаз көрсетті. Бұл оның екінші ескертуі болатын.
Сөйтіп ол алаңнан аластатылып, «Ақжайық» кем құрамда қалды. Әрине, бұдан кейін оралдықтарға таразы басын теңестіруден гөрі ойсырай ұтылып қалмауды ойлау керек болды. Сондықтан алғы шептегі ойыншыларының бірін қорғаушыға алмастыруға мәжбүр болды.
Ал «Астана» болса, алаң иелерін тықсыра түсіп, тағы бір гол соқты. Сөйтіп, түзден үш ұпай олжалап қайтты. Бұл турда «Астананың» басты бәсекелестері өз алаңдарында ойнаған. Сондықтан чемпион үшін ХІІ турдағы жеңісі өте маңызды еді...
«Ақжайық» – «Астана» – 0:2 (0:0)
Голдар: Маевский, 60. Муртазаев, 75.
Ескертулер: Логвиненко, 53. Николич, 57. Шомко, 68.
Алаңнан қуылды: Николич, 69 (екінші ескерту).
«Ақжайық»: Төлебаев, Омаров (Ерсәлімов, 65), Одибе, Николич, Шмидт, Коронель (Аренас, 76), Говедарица (к), Сергиенко, Шабаев, Перцух (Тапалов, 72), Изу Азука.
Қосалқы құрам: Котляр, Зұлпықаров, Макаев, Валиуллин, Антипов, Рубио.
«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Постников, Логвиненко, Шомко (к), Шитов, Маевский, Граховац (Мұжықов, 79), Твумаси (Жалмұқан, 90+1), Муртазаев (Ллуллаку, 85), Кабананга.
Қосалқы құрам: Эрич, Аничич.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Попов (Өскемен), Богданов (Семей)
20 мамыр. Орал, П.Атоян атындағы стадион. 2000 көрермен