«Ақтөбе» осыдан 10 күн бұрын бас бапкерін қызметінен босатқан. Содан бері жаңа жаттықтырушы іздестіріп жатыр. Ал отандық баспасөз беттерінде бірнеше үміткерлердің аты-жөндері аталып, Қазақстан, Ресей және Украина мамандарының бірі ақтөбеліктердің тізгінін ұстауы мүмкін екендігі күн суытпай жарияланып тұрды.
Осы аралықта «Оқжетпес» директорын ауыстырды. Ал спорттық директоры клуб басшысынан қалмай, қоса кетті. Енді, міне бас бапкері де өз еркімен кетіп қалып отыр. Команданы тастап кетті ме, әлде кетуге мәжбүр болды ма, беогісіз...
Сөйтіп, «құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, Қазақстан премьер-лигасында бір команданың бас бапкерсіз қалып, екіншісінің басшыларын ауыстыра бастауы бір-біріне сәйкес келе қалды...
Сонымен, кеше Владимир Муханов «Оқжетпестен» кетті. Мұны Көкшетау клубының ресми сайты бүгін жариялады. «Қызметінен өз еркімен кетті» деп, қысқа ғана қайырыпты. Не үшін кеткені жазылмаған. Ал бас бапкер міндетін уақытша атқарушы болып Виктор Семенов бекітілген.
Владимир Мухановтың қайда баратындығын болжау қиын болған жоқ. Отандық басылымдар кеше кешкісін Ресей маманының «Ақтөбеге» қайтып баруы мүмкін екендігін жариялап үлгерді. Еліміздегі спорттық ақпарат көздеріне сенсек, аталмыш маман бүгін Ақтөбе облысы әкімімен кездескен. Ертеңнен бастап жаңа қызметіне кіріседі екен. Ал біз ресми ақпаратты күтеміз...