Вернуться к списку статей

"Ақтөбе" өз алаңында "Тобылдан" ұтылды

Футбол
1K
Осыдан екі жыл бұрын «Ақтөбе» турнир кестесінде үздік үштіктен тыс тұрған болса, жанкүйерлер үшін аспан айналып жерге түскендей болатын еді. Қазір жанкүйерлердің еті үйренген.

Команда турнир кестесінің соңғы орнында тұрса да, міз бақпайды. Бірақ, олардың қолдарынан не келеді? Міне, сүйікті командалары тағы да өз алаңында ұтылды. Бұл жолы «Тобылдан».

«Ақтөбеге» ертерек бас бапкерін табу қажет секілді. Әйтпесе, бразилиялық легионерлер бастаған футболшыларды ойнатуға команда тізгінін уақытша қолына алған Игорь Прохницкийдің беделі жетпей жатқан сияқты. Мұны жаттықтырушының матчтан кейінгі баспасөз мәслихатындағы сұхбатынан да аңғаруға болады. Журналистердің «Футболшыларды басқаруға беделіміз қаншалықты жетіп жатыр? Олар сізді тыңдай ма?», - деген сұрағына Прхницкий былай деп жауап берген.

– Қазір беделмен санасатын кез емес. Бірігіп, «бір жағадан жең, бір жағадан бас шығаратын» уақыт келді. Осынау қиын жағдайдан бірге шыға білуіміз керек. Өзіңізді менің орныма қойып көріңіз, сонда маған қаншалықты қиын екенін сезесіз. 

Жалпы, «Ақтөбенің» бас бапкерлік қызметіне қазір бірнеше үміткердің кандидатуралары қаралып жатыр. Олардың арасында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-бас бапкерлері Талғат Байсуфинов пен Юрий Красножан, «Оқжетпестің» жаттықтырушысы Владимир Муханов және украиналық маман Анатолий Демьяненко бар. Тізгінді осылардың бірі ұстайтын сияқты. Дегенмен, кештетпей, ертерек бір шешім қабылдау қажет. Әйтпесе, жеңілгеннің үстіне жеңілген.

Алайда, «Тобылға» қарсы матчты «Ақтөбе» тәп-тәуір бастаған. Қонақтарды тықсыртып, тіпті соққылары қақпа бағанасына да тиіп жатты. Әне гол соғады, міне есепте алға шығады деп жатқанда жарты матч артта қалып, бірінші таймның соңына қарай «Тобылдың» осы ойындағы алғашқы шабуылы голға айналды. Есепті ашқан – былтыр «Ақтөбеден» үлкен даумен кеткен Алексей Щеткин еді.

Осыдан кейін алаң иелерінің сағы сынып, естерін жия алмастан екінші таймға шықты. Сол-ақ екен, 48-ші минутта Сергей Малый баспен таблодағы көрсеткішті ұлғайтса, араға тағы төрт минут салып, қақпашымен жеке-дара шыққан Рауль Джалилов есепті 3:0-ге жеткізді.

Тек осыдан кейін ғана «ақтөбеліктер» естерін жиып, нәтижелі шабуылдар ұйымдастыра бастады. Онда да алаңға жаңа кірген Бауыржан Байтана мен Юри Альмейда алаң иелерінің ойындарын түлетті. Нәтижесінде Байтана бастаған шабуылды Мамуте түйіндеп, «Ақтөбені» ірі жеңілістен құтқарып қалды.

Сонымен, Премьер-лиганың 12-турынан кейін «пентакампеондар» турнир кестесінде соңғы орынды түйіндеп тұр. Ал «Тобыл» төртінші орынға көтерілді.

«Ақтөбе» – «Тобыл» (Қостанай) 1:3 (0:1)

Голдар: Щеткин, 41 (0:1). Малый, 48 (0:2). Джалилов, 52 (0:3). Юри Альмейда, 77 (1:3).

Ескертулер: Байтана 72 – Тағыберген 8

Ақтөбе: Отарбаев, Диас Морейра (Зенькович 62), Барбоса, Воловик, Ермаченко (Юри Альмейда 62), Айтбаев, Аслан, Қайыров, Кәкімов, Шестаков (к) (Байтана 62), Шурыгин

Резерв: Сидельников, Жұмағали, Тотай

Тобыл: Непогодов, Деспотович, Джалилов (Савич 71), Дмитренко, Жақыпов, Малый, Молдақараев, Мухутдинов (к), Сартаков (Главина 76), Щеткин, Тағыберген (Жарынбетов 63)

Резерв: Бусурманов, Шубаев, Эльмурзаев, Жаңғылышбай

Төрешілер: Алешин, Попов (екеуі де – Павлодар), Будниченко (Екібастұз)

Ақтөбе қаласы. Қобыланды батыр стадионы, 7 000 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика