Вернуться к списку статей

Қазақстан бозбалалары ширек финалда Словениямен ойнайды

Футбол
2K
Литва U-18 құрамасы қақпасына гол соққан футболшыларымыз – екі шетте. Фото: granatkin.com
Бүгін ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінде топтық ойындардың соңғы кездесулері өтіп жатыр. Қазақстан U-19 құрамасы ширек финалға бірінші орынмен шықты.

«С» тобынан бірінші орынмен шықтық

Бүгін Александр Кузнецов жаттықтыратын еліміздің жасөспірімдер құрамасы Литва бозбалаларын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ал «С» тобындағы екінші ойында Словакия жеткіншектері Әзірбайжан өрендерін 1:0 есебімен ұтты.

Жалғыз голды ойынның соңына қарай, 86-минутта М.Вициан соққан. Ол матчтың 77-минутында ғана Й.Шпирканың орнына шыққан екен. Ал әзірбайжандар бұл кездесуді тоғыз ойыншымен аяқтады. 63-минутта Р.Кабаев, ал 90-минутта Ю.Гасанов алаңнан қуылды.

Ширек финалдағы қарсыласымыз – Словения

Ширек финалдағы қарсыласымыз «D» тобындағы соңғы ойындарда анықталды. Ал бұл топтағы ойындар аса қызықты өтті. Әуелі Иран жеткіншектері Молдовадан келген құрдастарын 5:0 есебімен күйрете жеңді. Юнес Делфи деген шабуылшысы үш гол соқты.

Шыны керек, осы ойыннан кейін парсы бозбалаларымен кездесетін шығармыз деп ойладық. Бірақ қызықтың бәрі алда екен. Алғашқы екі матчта да тең түскен Словения бозбалалары осы топтың көшбасшысы, еншісінде алты ұпайы бар Санкт-Петербург құрамасын тас-талқан қылды. Есеп – 3:0.


Шабуылда – Еркебұлан Сейідахмет. Фото: granatkin.com

Словенияның ең үздік ойыншысының бірі алаңға шықпайды

Айта кетуге тиіспіз, осы ойында Словения жеткіншектері қорғаныста өте сауатты ойнап, қарсы шабуыдларымен турнир қожайындарын қапы қалдырып отырды. Әрі баспен жақсы ойнайтындарын көрсете білді. Қысқаша айтқанда, азулы қарсылас.

Айтпақшы, осы ойында екі голды петерборлықтардың қақпасына Словенияның орталық қорғаушысы Яка Бийол соқты. Бірақ матч соңында екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Яғни біздің бозбалаларымызбен өтетін келесі ойында алаңға шықпайды...

Төрешілер алқасын “өзіміздің” Левников басқарады

Тағы бір ескерерлігі, егер ширек финалда Словения құрамасынан басым түсіп, дәстүрлі доданың келесі кезеңіне шықсақ, онда жартылай финалда Грекия – Латвия жұбында жеңіске жеткен командамен кездесеміз. Финалға дейін ресейліктермен жолымыз түйіспейді.

Жалпы, төрешілердің бәрі Ресей қазылары болғанымен, Гранаткин мемориалында олардан “жәбір” көрмейтін шығармыз. Өйткені осы халықаралық турнирдің Төрешілер алқасын Николай Левников басқарады.

Өздеріңіз білесіздер, қаңтар айының басында Николай Левников Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры болып бекітілген. Төрешілер тарапынан әділетсіздікке жол беріле қоймас...


Сонымен ширек финалда кездесетіндер:

15 қаңтар

Грекия – Латвия

Ресей – Болгария

16 қаңтар

Санкт-Петербург – Словакия

Қазақстан – Словения

Жартылай финал

18 қаңтар

Грекия/Латвия – Қазақстан/Словения

Ресей/Болгария – Санкт-Петербург/Словакия

«С» тобындағы соңғы ойындар:

Қазақстан U-19 – Литва U-19 – 2:0

Словакия U-19 – Әзірбайжан U-19 – 1:0

«С» тобының қорытынды кестесі



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика