Қатарынан үш кездесуден жеңілістің кермек дәмін татқан «Қайсардың» жанкүйерлерін жеңіспен қуанта алмай келе жатқанына жеті тур болған. Алайда, «Ақтөбенің» де жағдайы мәз емес. Осы маусымдағы алғашқы және соңғы жеңісіне Игорь Рахаев шәкірттері 4-ші турда қол жеткізген.
Бір сыдырғы басталған ойынның тыныштығын алаң иелерінің әдемі комбинациясы бұзды. Допты Евстигнеев ауттан қосып, Николич арқылы жалғасқан шабуылда доп Курьордан Байжановқа жетіп, капитан тура паспен Аржановтың аяғын тапты. Бұл ойынның 16-шы минуты еді. Алаң иелерінен мұндай «басқыншылықты» күтпеген «Ақтөбе» атой салып алға шапты.
Біресе Оливейра, біресе Диас Морейра қақпаға доптарды қарша боратқанымен Марсель Исламқұлов сынды тасқамал қақпашысы бар «Қайсар» қонақтардың ешбір шабуылын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Ал бірінші таймның аяқталуына төрт минут қалғанда Дмитрий Евстигнеевтің бас құдаға тартқан табақтай жеткізген пасын Володимир Аржанов «Ақтөбе» қақпасына оп-оңай сүңгіте салды.
Осымен командалар үзіліске шыққан. Екі гол айырмашылығымен жеңіп жатқан «Қайсар» әп-сәтте қақпасына екі гол жіберіп алады деп ешкім ойлаған да жоқ. Алайда, алдымен Жуниор Оливейра таблодағы көрсеткішті қысқартса, көп ұзамай Игорь Зеньковичтің жойқын соққысынан кейін доп қорғаушылардың бірінен серпіліп, Марсельді сан соқтырды. Есеп – 2:2.
Жағдайдың қиындап бара жатқанын түсінген Стойчо Младенов ойынға өзгерістен енгізуге көшіп, бірден тыңнан Руслан Сахалбаев пен Жамбыл Көкеевті қосты. «Қайсарға» жанама түрде жеңіс әперген Жамбыл Көкеев. Алаң иелері қанша шабуылдаса да ешбірі пайда әпермей жатқан. Кенет соңғы минутта «Ақтөбенің» айып алаңында қақтығыс болып, Жамбыл Көкеевтің жерде аунап жатқанын көрдік.
Доп мүлдем басқа жақта болғандықтан ешбір камераға түспей қалған эпизод екен. Шынын айтсақ, не болғанын түсінбей де қалдық. Әйтеуір, алаң ортасында жүрген допты тоқтатып қойған оралдық төреші Денис Тевяшов қолын нүктеге соза жүгіріп, Көкеевтің қасында тұрған Папа Гуйеге қызыл қағаз көрсетті. Ал пенальтиді Мақсат Байжанов қатесіз орындап, қызылордалықтарға өте маңызды жеңісті алып берді.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ақтөбе» 3:2 (2:0)
Голдар: Аржанов, 16 (1:0). Аржанов, 41 (2:1). Оливейра, 50 (2:1).
Ескертулер: Ламанж 81, Чуреев 86, Камара 87 – Айтбаев 32.
Ойынның 90-минутында Папа Гуйе алаңнан қуылды.
«Қайсар»: Исламқұлов, Граф, Камара, Ламанж, Евстигнеев, Чуреев, Нәрзілдаев (Сахалбаев 68), Байжанов, Курьор, Аржанов (Алтынбеков 88), Николич (Көкеев 68).
Резерв: Григоренко, Жахаев, Мулдаров, Горячий, Коробкин, Нтибазонкиза.
«Ақтөбе»: Сидельников, Морейра (Зенькович 46), Джуниор (Тотай 62), Оливейра, Воловик, Гуйе, Алмейда, Айтбаев, Байтана, Кәкімов, Шурыгин (Аслан 62).
Резерв: Отарбаев, Торрес, Ермаченко, Әбдікәрімов, Кәкімов.
Төрешілер: Тевяшов, Дерцапф (екеуі де – Орал), Ходин (Атырау).
Қызылорда қаласы. Орталық стадионның қосалқы алаңы.