Вернуться к списку статей

"Шахтер" мен "Ертіс" – қарағандылықтар соңғы орыннан қашып құтылар емес

Футбол
1K
Қарағандының «Шахтері» соңғы орынды жақын уақытта тастап кете қоймайтын секілді. Биылдыққа бірінші рет қонақтарды негізгі стадионында қабылдаған «кеншілер» Павлодардың «Ертісінен» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Қарағандының орталық стадионына да Кәсіпқой футбол лигасының арнайы комиссиясын жіберу қажет секілді. Таздың басына біткен шаш секілді «Шахтер» стадионының да әр жерден өскен шөптері алаңның әлі маусымға дайын еместігін аңғартты. Әлбетте, екі команданың да сүреңсіз ойынын алаңның сапасымен байланыстырып қойғанымыз дұрыс емес шығар, Дегенмен, футболшылардың жүрісі бірінші минуттан бастап-ақ өнбеді. Екі жақтың да ойыншылары жүгіруге ерінгендей матчты сылбыр бастады. Тіпті, ойынның 4-ші минутында соғылған жылдам гол да кездесудің бұдан кейінгі қарқынына әсер ете алмады. Доп көбіне алаң ортасында домалап, екі жақтың қақпашылары Ярослав Багинский мен Давид Лория аса қатты терлеген де жоқ. Осылайша 90 минут та сырғып өтіп, Павлодардың «Ертісі» осы маусымдағы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Енді олар келесі турда елордаға қонаққа келіп, «Астанамен» кездеседі. Ал аутсайдерлер 14 мамырда өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды.

Айтпақшы, «Шахтер» – «Ертіс» кездесуіндегі жалғыз голды Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Лаша Двалидің еншісіне жазыпты. Дегенмен, бейнеқайталауда байқағанымыздай, Карлуш Фонсеканың айып соққысы ешкімгей тимей, бірден қақпадан табылған сияқты көрінді. Бәлкім, бас төреші Денис Измайловтың хаттамасынан кейін өзгеріс болатын шығар.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Ертіс» (Павлодар) 0:1 (0:1)

Гол: Двали 4.

Ескерту: Дарабаев, 75.

«Шахтер»: Багинский, Стоянович, Сзоке, Айегбуси (Пикалкин 46), Зошак, Василевич, Аллегриа (Васильев 57), Скорых, Тәттібаев, Шахметов, Әлімбаев (Тәжімбетов 73).

Резерв: Шацкий, Құлбеков, Хайруллин, Өміртаев, Орал, Ткачук.

«Ертіс»: Лория, Живкович, Фонсека, Родриго, Бандо (Фофана 46), Двали, Джедже (Попов 92), Кислицын, Алиев, Воротников, Дарабаев (Шабалин 79).

Резерв: Калмыков, Смаилов, Жұмасқалиев, Чернышов, Калинин, Есімов.

Төрешілер: Измаилов (Талдықорған), Попов (Астана), Гусев (Көкшетау).

Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы,

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика