Әлем чемпионаты қай елде өтеді?
Мундиальға қатысатын командалардың саны неліктен арттырылғанын талқылап, ФИФА президенті Джанни Инфантиноның шешіміне араласпай-ақ қоялық. Бізді қызықтыратын өзіміздің жағдай, Қазақстан ұлттық құрамасының мүмкіндігі. Тек бұл шешім 2026 жылғы әлем чемпионатынан бастап күшіне енетінін айтсақ жеткілікті. Дегенмен, кандидаттар көп болғанымен қай елдің қабылдайтыны әлі анықталған жоқ. Қытай мен Үндістан бірлесе өткізгісі келеді. Оңтүстік Американың Эквадор, Перу, Парагвай және Боливия елдері де 80 ойынды теңдей етіп, жиырмадан бөліп алғысы келеді. Солтүстік Американың АҚШ, Канада, Мексика елдері де тізе қосып өткізуге дайын екендіктерін жариялады. Канада мен Жаңа Зеландия тіпті, ешкіммен қосылмай-ақ, өзіміз өткізуге шамамыз жетеді деп отыр.
Жолдамалардың саны қаншалықты артады?
2026 жылғы әлем чемпионатына бөлінетін 48 жолдаманың 16-сы Еуропа елдеріне бұйырмақ. 9,5 жолдама Африкаға тиесілі. Азияға – 8,5, Солтүстік және Орталық Америкаға – 6,5, Мұхит елдеріне – 1 жолдама бөлінбек. Салыстырмалы түрде айтайық, қазіргі жағдайда «Кәртамыс құрлықтың» 13 құрамасы әлем чемпионатына бара алады. Сонда Еуропа үшін жолдамалар саны небәрі үшеуге ғана артқан.
Еуропа іріктеу додасы қалай өтпек?
2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасына Ресейден басқа «Кәртамыс құрлықтың» барлық елі қатысуда. Өз елінде қабылдайтын болғандықтан солтүстік көршілеріміз жолдамаға ешқандай іріктеусіз қол жеткізіп қойған. Қалған 54 құрама тоғыз топқа бөлінген. Топ үздіктері әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Екінші орын алғандардың ішінде үздік сегізі өзара електік ойындар өткізіп, өз жұптарында жеңімпаз болған төртеуі Еуропаға бөлінген 13 жолдаманы қорытындылайды.
Ал 2026 жылғы әлем чемпионатына Еуропа бойынша іріктеу додасының қалай өтетіні әлі белгілі болған жоқ. Ол кезге дейін УЕФА-ға мүше елдердің саны тағы да ұлғайып қалуы да мүмкін. Дегенмен, қазіргі жағдай бойынша есептейтін болсақ, іріктеу турнирінің қалай өтетінінің бірнеше нұсқасын келтіруге болады.
А) 55 құрама 8 топқа бөлінеді. Әр топта 7 командадан, тек біреуінде 6 команда.
Сонда әр топтың үздік екі командасы әлем чемпионатына қатысады.
В) 55 құрама 9 топқа бөлінеді. Әр топта 6 командадан, тек біреуінде 7 команда.
Сонда әр топтың үздігі тікелей жолдамаларға ие болып, Қалған 7 жолдамаға екінші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары жетеуі қол жеткізеді.
С) 55 құрама 10 топқа бөлінеді. Жеребе бойынша бес топта 5 командадан, қалған бесеуінде 6 команда.
Сонда әр топтың үздігі тікелей жолдамаларға ие болып, қалған қалған алты жолдамаға екінші орын алғандардың ішінде көрсеткіші жоғары алтауы қол жеткізеді.
D) 55 құрама 11 топқа бөлінеді. Әр топта тұп-тура бес командадан.
Сонда топ үздіктері тікелей жолдамаларға қол жеткізіп, қалған бесеуіне екінші орын алғандардың ішінде бес команда таласады.
Міне, осылай кете береді. Бәлкім, оған дейін УЕФА басшылығы басқа да нұсқаларды қарастырып, ішінен бір тиімдісін таңдап та қалуы мүмкін. Бірақ, қалай болған күнде де нобайы осындай.
Қазақстан ұлттық құрамасының мүмкіндігі қалай?
Футбол мундиаліне қатысатын командалардың саны 32-ден 48-ге өскенін жанкүйерлер әрқалай қабылдауда. Арасында біздің мүмкіндігіміздің артқанын айтып, әлем чемпионатын армандап та жүргендер бар. Иә, армандаған дұрыс. Бірақ 16 жолдаманың біреуі бізге бұйырады дегенге сену дәл қазір қиын болып тұр. Бразилияда өткен 2014 жылғы доп додасын еске түсірер болсақ, Еуропаның Чехия, Түркия, Дания, Польша, Ирландия, Швеция, Украина, Румыния сынды алпауыттардың шет қалып қойғанын жақсы білеміз. Былтырғы Еуропа чемпионаты Уэльс, Исландия сынды құрамалардың да алға қарыштап адымдағанын көрсетті. Бұлардың қасында біздің құрама әлі өгіз аяңмен ілбіп келе жатқандай.
Ал әлем чемпионатына бару үшін іріктеу кезеңінде өз тобыңда кем дегенде екінші орын алу керек екенін ескерсек, жағдайдың еш өзгермегенін байқайсың. Яғни, ФИФА-ның соңғы жаңалығы біз үшін ешқандай да әсері жоқ. Тек өз күшіңе сенуің қажет.
Өзбекстанның мүмкіндігі қалай артты?
Есесіне «ала шапанды ағайындыларымыз» өзбек-әкәларымыздың әлем чемпионатына баратын мүмкіндіктері артты. Өйткені, Азияға бөлінетін жолдамалар 4,5-тен бірден 8,5-ке дейін көбейді. Яғни, сегіз ел тікелей жолдамаларға иелік етсе, тоғызыншысы басқа құрлықтың құрамасымен електік ойында кездеседі. Ал Өзбекстанның Азияда үнемі бесінші немесе алтыншы болып қала беретінін жақсы білеміз. Мәселен, 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасында олар құрлықтық електік ойынға дейін жетіп, тек Йорданияға ғана жол берген. Яғни, Азияның алтыншы командасы болған.
Осылайша 2026 жылғы мундиальда қазақ жанкүйерлері теледидардан Өзбекстан ұлттық құрамасының ойындарын тамашалап, өзіміз тәтті қиялдың жетегінде отыруымыз мүмкін.