Вернуться к списку статей

Жолшиев, Қонысбаев, Нөсербаев және шетелге кетуі мүмкін тағы жеті ойыншы

Футбол
1K
«Астанадан» Испанияның «Валенсиясына» ауысқан серб таланты Неманья Максимович қазақтың Премьер-лигасы мен Еуропа чемпионаттары арасына өзіндік көпір салғандай. Енді оның соңынан «Кәртамыс құрлыққа» кімдер кетуі мүмкін? Бүгінгі тақырыбымызды соған арнасақ.

Әлбетте Патрик Твумасиге Түркияның командалары, Жерар Гоуға Ресей клубтары көз тігіп жүргені туралы жаңалықтарды жиі естіп қалып жатамыз. Дегенмен, легионерлер бүгін бар, ертең жоқ. Келіп-кетіп жатқаны жетерлік. Сондықтан, біз өз ойыншыларымызды ғана есепке аламыз. Онда да көптен аты шығып, ел футболында танымал болған таланттарға тоқталамыз. Сонымен, жақын уақытта шетел чемпионаттарына кімдер кетуі мүмкін?

Бауыржан Жолшиев – (26 жас) жартылай қорғаушы

 

2015 жылдың соңында «Астанадан» кетіп, былтырғы маусымды «инстаграмда» өткізген Бауыржан Жолшиевтің шетелге кететіні туралы сыбыстар бұрыннан шығып жүр. Алдымен Түркия чемпионаттарына барады деді, одан кейін Украина Премьер-лигасы туралы әңгімелер шықты. Ал соңғы кездері кейбір «ұзынқұлақтар» Жолшиевтің тағдырын Қытай Супер лигасымен байланыстырып жүр. Өзі де шетелге кететіні туралы жиі меңзейді. Бәлкім, алдағы маусымда «ерке баланы» «Тяньцзинь Цюаньцзяньнан» көріп қалармыз.

Ұлан Қонысбаев – (26 жас) жартылай қорғаушы


Өткен жылдың маусымында Қытайда өткен ұлттық құрамалар арасындағы жолдастық кездесу тараздық таланттың тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. Өте ауыр жарақаттан кейін Италия астанасында емделді. А сериясының Римде өткен көптеген ойындарында көрермен болды. Роналдиньо, Жервинь, Марко Борьелли, Томаш Вермаллен, Бруно Алвеш сынды біраз жұлдыздармен суретке түсіп, Лучано Спалетти, Руй Кошта секілді бапкер-функционерлермен танысты. Бір сөзбен айтқанда, нағыз футболдың қандай болатынын өз көзімен көріп, нөмірі бірінші спорт түрінел деген көзқарасы өзгерді. Бәлкім, сол жақта жаңа агенттермен де байланыс орнатқан болар. Ендеше Ұланды «А» демей-ақ қоялық, алдымен В сериясынан көріп жатсақ та қуанамыз.

Таңат Нөсербаев – (30 жас) шабуылшы

 

Жаңа жылдың бірінші күні 30 жасқа толған Таңат Нөсербаев қазір клубсыз жүр. «Астанадан» еркін агент ретінде кеткен ол соңғы рет «Ордабасымен» бірге жаттығыпты. Бірақ бас бапкер Бақтияр Байсейітовтің көңілінен шыққанымен шымкенттіктермен бірге Түркияға бармаған. Соған қарағанда әлі де басқа тиімді ұсыныстарды қарастырып жатқан сияқты. Кезінде Швейцарияның «Базеліне» ауысуға сәл-ақ қалған Таңат, бәлкім, орда бұзар шағында Еуропаға тағы бір рет аяқ басып көрер.

Жамбыл Көкеев – (28 жас) жартылай қорғаушы


«Уэмблиде» соққан голын сағынышпен еске алатын Жамбыл Көкеевтің жасыл алаңға соңғы рет 2015 жылдың 3 қыркүйегінде екі минутқа шығыпты. Содан бері бірде-бір командадан көрген жоқпыз. Былтыр «Ордабасыға» барған. Бірақ Бақтияр Байсейітов те оны жарамсыз етіп тастады. Кім біледі, бәлкім Шығыс Еуропаның Сербия, Польша, Бельгия сынды елдеріне бір сапар шегіп көрер. Тым болмаса, Смақов пен Лория сияқты Түркияның Бірінші лигасына барып, шамасын тексеріп көрсе де артық болмас еді.

Бауыржан Исламхан – (23 жас) жартылай қорғаушы

 

Бәрі айтып жатыр. Шынымен де Бауыржан Исламханның шетел чемпионатына кететін кезі жеткен секілді. Оның шеберлігі қазақ футболының деңгейінен баяғыда-ақ асып кеткен. Кімнен сұрасаңыз да, осыны айтады. Кезінде оған Түркияның біраз клубтары қызыққан. Әлі де Еуропаның біраз командасы Исламханды өз қатарына қабылдауға қуана келіседі. Тек өзі рухани дайын болса болғаны.

Исламбек Қуат – (23 жас) жартылай қорғаушы


Баторикті Қазақстан чемпионатынан кету керек деп жүргендердің бірі – Исламбек Қуат. Шынын айтқанда, өзі де Еуропаның кез-келген екінші деңгейлі чемпионаттарында абыроймен доп тебуге әлеуеті жетеді. Мәселен, арыға бармай-ақ қояық, Түркия клубтары да Исламбекті өз қатарына қосуға кетәрі болмас еді. Оның «Қайратпен» келісімшарты 2019 жылға дейін жарамды. Сондықтан, дәл қазір клуб ауыстыра қоймас. Ал одан кейін шеберлігі де жетіледі, біліктілігі де артады, психологиялық тұрғыда да қатайып, бекуі тиіс.

Дмитрий Шомко – (26 жас) қорғаушы


Шомконың «Астанамен» келісімшарты өткен маусымның соңында аяқталып қойған. Егер Трабукки бас менеджерлік қызметте қалғанда Дима «Астанадан» кететін футболшылардың алғашқыларының сапында болар еді. Ал қазіргі жағдайда клуб басшылығы Шомконы барынша ұстап қалуға тырысатыны сөзсіз. Оның қапталындағы ойыншылар Қазақстанда ғана емес, әлемде де жоғары бағаланады. Латеральдар қай кезде болмасын қымбат. Сондықтан, Еуропаға барар болса, жоғалмас еді.

Стас Покатилов – (24 жас) қақпашы

 

Өткен жылы «Қайратпен» 3+2 жүйесі бойынша келісімшартқа отырған Стас Покатилов Алматыда әлі ұзақ болатын секілді. Былтырғы маусымның алғашқы жартысын Ресейдің «Ростовында» қосалқы құрамда өткізген қақпашының «аузы қаншалықты күйгенін» білмейміз. Дегенмен, тағы бір рет бағын тексеріп көрсе, артық болмас еді. Ең бастысы шыдамдылық қой.

Роман Муртазаев – (23 жас) шабуылшы

 

Бір жылдың ішінде шеберлігін әжептеуір жетілдіріп, тәжірибесін арттырған Роман Муртазаев алдағы бір-екі жылдың ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының басты шабуылшысы болатын секілді. Былтыр «Ертіс» сапында 32 ойын өткізіп, 18 гол соққан. «Астанаға» ауысуы соның нәтижесі. Келісімшарты 2019 жылдың соңына дейін. Дегенмен, сәті келіп тұрса, Еуропаға ауысып кеткені дұрыс-ақ еді.

Юрий Логвиненко – (28 жас) қорғаушы


Петер Чех қақпасына үш гол соққан Юрий Логвиненконы Еуропада біраз жанкүйер танып қалғаны анық. Әсіресе «Арсенал» мен «Челсидің» жанкүйерлері бұл қорғаушымызды ұзақ уақыт ұмытпайды. Иә, дәл қазір Юраға Еуропаның еңселі чемпионаттарынан команда табу оңай болмайтын шығар. Бірақ Ресей немесе Украина Премьер-лигасында ойнауға әлі де әлеуеті жетеді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика