Вернуться к списку статей

Стойлов: Қазақстанда – бірінші, өз елінде – екінші

Футбол
1K
«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов «2016 жылғы Болгарияның ең үздік бапкері» сауалнамасында екінші орынға ие болды. Ал желтоқсанның басында Қазақстанда теңдессіз танылған болатын.

Қазақстанда теңдессіз танылған

Қазақстан премьер-лигасының 2016 жылғы ең үздік бапкері осыдан бір айдан астам уақыт бұрын анықталған болатын. Оған премьер-лигамыздағы клубтардың басшылары, бас бапкерлері және капитандары қатысып (барлығы – 36 адам), дауыс берген.

Аталған сауалнама қорытындысы бойынша «Астана» клубының бас бапкері, Болгария маманы Станимир Стойлов теңдессіз танылған болатын. Ол 83 ұпаймен өзгелерден қара үзіп кеткен-ді. Мысалы, екінші орынға ие болған оның отандасы Димитар Димитров небәрі 34 ұпай еншілеген-ді.

«Қазақстан премьер-лигасының 2016 жылғы ең үздік бапкері» сауалнамасында үшінші орынды Кахабер Цхададзе (30 ұпай), төртінші орынды Владимир Муханов (20 ұпай), тек бесінші-алтыншы орындарды өз мамандарымыз Талғат Байсуфинов пен Вахид Масудов (10 ұпайдан) еншілеген болатын.

Осы ретте айта кетейік, еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы жүргізген сауалнамада Станимир Стойловты 23 респондент бірінші орынға, бесеуі екінші, ал төртеуі үшінші орынға қойған болатын. Сонда 23х3 + 5х2 +4х1 = 83 ұпай болған.

Болгарияда екінші болды

Болгария футбол федерациясының мәліметінше, бұл елде үздіктерді анықтауға 50 электронды және баспасөз басылымынан 101 журналист қатысып, дауыс берген. Мұнда да бірінші орынға үш, екінші орынға екі, ал үшінші орынға бір ұпай берілген.

Сөйтіп, «Болгарияның 2016 жылғы ең үздік бапкері» номинациясында «Лудогорец» клубының бас бапкері Георги Дерменджиев үздік шыққан. «Астанамен» Қазақстанда “алтын дубль” жасаған (чемпионаттыда, кубокты да жеңіп алған) Станимир Стойлов екінші орынға ие болса, ЦСКА (София) командасын жаттықтыратын Христо Янев үшінші болған.

Георги Дерменджиевтің үздік танылуының жөні бар. Өйткені «Лудогорец» клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, үш ұпаймен «А» тобында үшінші орынға ие болды. «Арсенал» мен «Пари Сен-Жермен» алдын орап, «Базель» соңғы орынға табан тіреді.

Осылай, Чемпиондар лигасында үшінші орын алғанының арқасында Георги Дерменджиевтің командасы Еурокубок додасын Еуропа лигасында жалғастыру құқығына ие болды. Енді көктемде, 1/16-финалында «Копенгаген» (Дания) клубымен кездеседі.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика