Бүгін Бауыржан Жолшиев Алматы қаласыныдағы жаттығу залдарының бірінде түскен екі фотосын Instagram-дағы жеке парақшасына салып, өзін көпшіліктің есіне тағы бір түсіріп қойды. Оның бұл суреттерін отандық басылымдардың кейбіреуі жариялады да.
Өздеріңіз білесіздер, Жолшиев өткен маусымда ешбір клубтың сапында ойнаған жоқ. Бір жылын бос өткізді. Жазғы трансфер кезінде «Ертіс» клубымен келіссөздер жүргізгендей де еді. Бірақ аталған клубтың жейдесін кимеді, жасыл алаңға оралмады.
Қоңыр күзде Бауыржан Жолшиевтің өзінің айтуынша, «шетелдік клубтардың бірінен, әйтпесе Қазақстандағы командалардың біреуінің сапынан көріп қалуымыз мүмкін» екендігі де отандық басылымдарда жарық көрді. Бірақ әлі ешқандай ресми ақпарат жоқ...
Бұл футболшыны «Ордабасы» клубының бас бапкері өз командасы сапында көргісі келіп, бірнеше рет шақырғаны жөнінде де жазылды. Жаттығу жұмыстарында қазіргі спорттық бабын бағамдап көргісі келген секілді. Бірақ Жолшиев Шымкентке бармаған, тіпті хабарласпаған сияқты...
Жақында Жолшиевтің «Қайрат» клубымен келіссөздер жүргізілгені жайлы дақпырт тарады. Десек те, ресми түрде ешбір мәлімдеме болған жоқ. Дәл қазір Алматы клубы Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ал Бауыржан Жолшиев Алматыда жүргендей.
Бір қызығы, әлеуметтік желідегі жанкүйерлер пікірі екі айырылады. Кейбіреулер «ол жаттығу жұмыстарын жүргізгеннен гөрі Instagram-да көп отыратын сияқты» десе, базбіреулер осындай футболшының әлі клубсыз жүргеніне қынжылады. Тіпті «суретке түскенді қойып, қашан футбол ойнайсың», – деп өз ойларын ашық білдіретіндер де бар.
Футболшының Instagram-дағы жеке парақшасындағы суреттерінің астында да осындай пікірлер аз емес. Бірақ Бауыржан футболға қашан оралатындығын айтпапты. Ол енді жасыл алаңға орала ма, жоқ па?! Оралса, бұрынғыдай жоғары жеңгейде ойнай ала ма? Білмейміз. Бәріне уақыт – төреші...