Вернуться к списку статей

“Қайрат” – УЕФА кубогының қола жүлдегері

Футбол
2K
«Қайрат» футзал клубы 2016- 2017 жылдар маусымындағы УЕФА кубогының қола жүлдегері атанды.

Үшінші орынды жартылай финалда жеңіліске ұшыраған «Қайрат» пен «Югра» сарапқа салды. Ойын шектен тыс тартысты өтті. Доп додасы, бәсеке көрігі әбден қызып, екі команданың футзалшылары арасында жанжал шығып кете де жаздады.

Әр команда сапынан төрт ойыншы ескерту алды. Ойын ережесін бұзу аз болған жоқ. Ресей клубының үздік ойыншыларының бірі Владислав Шаяхметов жарақаттанып қалып, ойын аяғында алаңға шықпады.

Басында «Югра» үш рет алға шығып, «Қайрат» таразы басын теңестірумен болды. Матч соңында алматылықтар екі мәрте алға шығып, ресейліктер есепті теңестіріп кетті. Осылай, екі команда алма-кезек гол соғып, матч соңғы секундтарға шейін шиеленісті өтті.

Ойынның басында, бірінші таймда «Югра» емін-еркін ойнап, көп қауіп төндірсе, екінші таймда, әсіресе матч соңына қарай «Қайраттың» шабуылдары қатерлі болды. Бір қызығы, екі команданың ойыншылары да бір рет өз қақпаларына гол соғып алды.

Ақыры, матч 5:5 есебімен тең аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін пенальтиге жүгінуге тура келді. Мұнда «Қайраттың» бағы жанды. Игита бір пенальтиді тойтарды. Ал алматылықтардың сенім артқан ойыншылары мүлт кеткен жоқ, үшеуі де «Югра» қақпашысын қапы қалдырды.     

«Югра» (Ресей) – «Қайрат» (Қазақстан) – 5:5 (2:2), пенальтиден – 2:3

Голдар: Шаяхметов, 2 (1:0). Дрот, 9 (1:1). Кайо, 14 (2:1). Давыдов, 16-автогол (2:2). Лысков, 23 (3:2). Тайеби, 25 (3:3). Кабреува, 33 (3:4). Диваней, 37-автогол (4:4). Дивней, 39 (4:5). Марсенио, 40 (5:5).

Пенальти: 1:0 – Кайо. 1:1 – Дрот. 1:1 – Лысков (қақпашы тойтарды). 1:2 – Тайеби. 2:2 – Марсенио. 2:3 – Дуглас.

Ескертулер: Шаяхметов, 9. Марсенио, 15. Чишкала, 26. Давыдов, 35 – Кабреува, 26. Дуглас, 27. Дуглас Нуньес, 35.

«Югра»: Купатадзе, Шаяхметов, Афанасьев, Марсенио, Давыдов – Слемзин, Эдер Лима, Кайо, Катата, Чишкала, Копейкин, Лысков, Котляров, Сигнев.

«Қайрат»: Игита, Игор, Алешандре, Дуглас, Диваней – Диего Ронкальо, Кабреува, Дрот, Тайеби, Сүлейменов, Дуглас Нуньес, Эвертон, Жаманқұлов, Есенаманов.

Төрешілер: Алессандро Мальфер (Италия), Габор Ковач (Венгрия), Богдан Сореску (Румыния)

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика