Вернуться к списку статей

“Қайсарды” ойқы-шойқы алаңда “Астана” ойсырата жеңді

Футбол
2K
«Қайсар» – «Астана» – 0:3. Фото: fca.kz
«Астана» ХІ турда Қызылордада «Қайсармен» кездесіп, биылғы маусымда жетінші рет қатарынан жеңіске жетті.

Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның ойқы-шойқы “жасылдау” алаңы «Астананың» бас бапкері Станимир Стойловқа мүлде ұнамады. Тіпті зығырданын қайнатып, матч басталмай тұрып, өз ойын айтып-айтып тастауға мәжбүр етті.

Болгар маманы «Қызылорда алаңының сын көтермейтіндігін білетінбіз, ал адам шошырлық “бақшаны” өз көзімізбен көргенде жанымыз түршікті. Көртышқандар ін қазып тастағандай ой-шұқыры және жасыл желексіз тақыр жерлері көп», – деп таусылыпты...

Стойлов матч хаттамасына 15 ойыншы ғана тіркеді. Әрі негізгі құрамдағы кейбір футболшыларын алаңға шығарған жоқ. Әйтсе де, ел чемпионы «Қайсарды» да көртышқандар ін қазып тастағандай ойқы-шойқы алаңда ойсырата жеңді.

«Астана» деңгейінің жоғары екендігін көрсетті. Бірінші таймда «Қайсарды» қыспаққа алып, екі гол соқты. Твумаси мен Маевский алаң иелерінің қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырды. Қарқындарын үдеткенде, қарсыластары қайрат көрсете алмай қалды...

«Астана» екінші таймда да алаң иелерін тықсыра түсті. Қонақтардың шабуылшысы «Қайсардың» айып алаңында екі мәрте омақасып құлады. Бірақ төреші екеуінде де кірпік қақпады.

Ал үшіншісінде, қақпашы допқа қарсы жүгіріп шығып, Кабананганың жолын кес-кестеп, екеуі ұмар-жұмар құлағанда, 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Онымен шектелмей, Исламқұловқа қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Пенальтиді Кабанангамен “таласа-тармаса” жүріп, Муртазаев орындайтын болды. Әрі мүлт кеткен жоқ. Теңбіл допты үшінші рет қақпа торында тулатты. Бірақ көп ұзамай, келесі бір ойын сәтінде, қақпа алдында тамаша бір мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды...

Бұдай кейін «Қайсар» қарқынын үдетіп, есепті қысқартуға тырысып көрді. Бірақ «Астана» қорғаушылары оларды Мокин қорғаған қақпаға жақындата қоймады. Ойын осылай аяқталып, ел чемпионы төртінші рет қатарынан ірі есеппен басым түсті.


«Қайсар» – «Астана» – 0:3 (0:2)

Голдар: Твумаси, 28. Маевский, 34. Муртазаев, 76-пенальтиден.

Ескертулер: Николич, 30 – Аничич, 48. Бейсебеков, 61.

Алаңнан қуылды: Исламқұлов, 73.

«Қайсар»: Исламқұлов, Чуреев, Ламанж, Граф, Евстигнеев, Нарзілдаев (Коробкин, 46), Камара, Курьор (Григоренко 75), Аржанов (Көкеев, 59), Байжанов (к), Николич.

Қосалқы құрам: Алтаев, Алтынбеков, Әмірсейітов, Мулдаров, Сақалбаев, Жақаев

«Астана»: Мокин, Шитов, Постников, Аничич (Логвиненко, 80), Шомко (к), Бейсебеков, Маевский, Жалмұқан (Ллуллаку, 65), Муртазаев (Граховац, 82), Твумаси, Кабананга.

Қосалқы құрам: Подымский

Төрешілер: Алешин (Павлодар), Васютин (Алматы), Бельский (Тараз)

29 сәуір. Кызылорда. Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 5 000 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика