Вернуться к списку статей

"Ордабасыны" Орталық стадионнан айырса, жанкүйерлерге обал болады – Құралбай Өкшебаев

Футбол
1K
Қазақстан футбол федерациясының шешімімен Шымкенттің Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионында Премьер-лига ойындарын өткізуге уақытша тиым салынды.

Сертификация және аттестациядан өткізу департаменті стадионда жарықтың жоқтығын алға тартып, олқылықтың орны толмайынша «Ордабасы» ойындарын осы аренада өткізе алмайды деп отыр. Мәселенің мән-жайын білу үшін стадион директоры Құралбай Өкшебаевпен хабарласқан едік.

– Құралбай Таңқыбайұлы, Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ойындарды өткізуге тиым салынғаны рас па?

– Бізге 26 сәуір күні Қазақстан Кәсіпқой лигасының арнайы комиссиясы келген. Стадионды толық тексеріп, мақтап кетті. Қазақстан бойынша Алматының Орталық стадионынан кейінгі екінші орында тұрған арена деп жоғары бағаларын берді. Әлбетте, кейбір ұсақ кемшіліктер де болды. Оларды реттеу оңай.

– Сонда КФЛ комиссиясының мүшелері не тексерді? Оның барлығы қалай жүзеге асты?

– Біз бірге қасында жүрдік. Негізінен алаң жағдайына мән берді. Шөптің биіктігін өлшеп, жерге бір аппараттарын тығып, кейбір шөптерді жұлып алып, тамырларына қарап, әйтеуір, әрбір детальдарын жіті бақылап жатқан. Сосын бір шелек су сұратты да, алаңға төгіп жіберді. Оның қанша уақытта жерге сіңіп кететінін есептеді. Ең соңында жоғары бағаларын берді.


– Ендеше ҚФФ сайтында жарияланған Қажымұқан стадионында ойындар өткізуге тиым салынғаны туралы ақпарат жалған ба?

– Жоқ, бәрі рас. Дұрыс жазылған. Бірақ, ол маусымның алдында болған тексерістің нәтижесі. Ел чемпионаты басталмай тұрып ҚФФ-тың Сертификациялау және аттестациядан өткізу департаментінің комиссиясы Шымкентке келіп, стадионды тексеріп кеткен. Сонда жарықтың жоқтығына байланысты ескерту айтып, мамыр айына дейін реттеуге нұсқау берген. Белгіленген уақытқа дейін үлгере алмадық та, ҚФФ осындай шешім қабылдады.

– Олардың шешімдері де дұрыс қой. Қажымұқан стадионының «жарықсыз» отырғанына бірнеше жыл болды...

– Негізі, бұл былай. Өткен жылы бізге стадионның жарығын реттеп, мачтаны жөндеуге Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Дегенмен, заң бойынша бірден бір компаниямен келісімшартқа отырып, жұмысты бастап кетуге құқығымыз жоқ болғандықтан тендер жарияланған. Ол жерде талап жоғары. Бірінші рет тендерді ешкім ұтпады. Екіншісінде де жеңімпаз анықталған жоқ. Тек үшінші қайтара жариялағанда ғана жеңімпаз анықталып, барлық талапқа жауап беретін компания анықталды. 

Бірақ, енді келісімшартқа отыра бергенде аймақтағы ішкі аудиттік тексеру өкілдері әлгі компанияның кемшіліктерін тауып, келісімшарт бұзылған. Содан бұл мәселе тым созылып кетті. Жыл соңында қаржы игерілмегендіктен жарықты жөндеуге бөлінген ақшаны да қайтарып алды. Сот өтіп, аппеляциядан кейін ғана тендерді жеңіп алған компания сотта жеңіп шықты. Бұл жақында ғана болған нәрсе. Сәуірдің 25-і күні.

Дегенмен, шешім бес күннен кейін ғана күшіне еніп, растайтын қағаз сол кезде ғана беріледі екен. 30 сәуір, жексенбіге тұспа-тұс келіп тұр. Ары қарай мейрам болып кетеді. Екінші мамыр күні соттың шешімі күшіне енеді. Тендерді жеңіп алған компания мачтаны жөндеп, жарықты реттеуге баяғыдан дайын. Бізбен күнде хабарласып отырады.


– Биыл «Ордабасы» тағы да Еуропа лигасына қатысады. Оған дейін стадион жарығын жөндеп үлгересіздер ме?

– Былтыр Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы игерілмегендіктен бюджетке қайтарылған. Биыл тағы да облыстық мәслихатқа, қажетті органдарға хат жазып, ақша бөлулерін сұраймыз. Бәрі дайын. Тек қаржы бөлінсе, әлгі компания бір айда-ақ жарықты реттеп беруге уәде беріп отыр.

– Мамырдың 6-сы күні «Ордабасы» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдауы керек. Орталық стадионға рұқсат бермесе, ойын қайда өтеді?

– Біз қазір Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақовтың атына хат жазып жатырмыз. Бәрі оңынан шешіледі деген үміт бар. Өйткені, ойын бәрібір кешкі уақытта емес, түсте басталады. Ал ол кезде мачта жарығының қажеті де жоқ. Қазіргі мезгілде күн де ыстық емес. Ойынды түскі уақытта да бастай беруге болады. Ал мачта мәселесін Еуропа лигасының ойындарына дейін шешеміз. 

Альтернативтің вариант БИІК спорт кешенінің «Намыс» стадионы. ҚФФ «Намыстың» алаңына жоғары баға қойып, Премьер-лига ойындарын өткізуге рұқсат беріп отыр екен. Бірақ, ол жақта көрермен сиымдылығы тым аз. Бар болғаны жүздеген адамға ғана орын бар. «Ордабасының» ойындарына адам мыңдап жиналатынын ескерсек, Орталық стадионды жауып тастайтын болса, жанкүйерлерге обал болады. Қазақстан футбол федерациясы осы жағын да ескереді деген үміттеміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика