Вернуться к списку статей

Бірінші лига – Үш жолдамаға үш команда ғана таласа ма?!

Футбол
2K
Биыл Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасында тоғыз-ақ команда ойнайды. Бірақ олардың бәрі бірдей премьер-лига жолдамаларына таласа алмайды.

"Қайрат А", "Шахтер-Болат" және "Байқоңыр"

2017 жылғы Бірінші лига регламенті бойынша биыл осы лигада жеңімпаз атанған және екінші орынға ие болған командалар тікелей премьер-лигаға шығады. Ал 3-орынды иеленген ұжым премьер-лигада 10-орынға табан тіреген клубпен «өтпелі матчта» үшінші жолдаманы сарапқа салады.

Сонда биыл Бірінші лигадан кемі екі, тіпті үш команданың премьер-лигаға шығуы мүмкін. Хош делік. Бірақ дәл қазір осы төменгі тобымызда аталған үш жолдамаға таласатын қанша команда бар? Мүмкіндіктері жете ме, заңды құқықтары бар ма?

Бұлай дейтін себебеміз, 2017 жылғы Бірінші лига регламентінде үш команданың премьер-лигаға шығатын құқықтары жоқ екендігі анық жазылған. Олар – “Қайрат А”, “Шахтер-Болат” және “Байқоңыр”. Себебі  бұл үшеуі “Қайрат”, “Шахтер” және “Қайсар” клубтарының құрылымдық жүйелеріне кіреді.

Аталған үш команда Бірінші лигада жеңімпаз атанса да немесе екінші орынға ие болса да, премьер-лига жолдамасы олардан кейін орналасқан клубқа бұйырады. Бұл да 2017 жылғы Бірінші лига регламентінде айрықша аталып өткен.

"Қыран", Мақтаарал" және "Екібастұз"

Сонда, Бірінші лигадағы тоғыз команданың үшеуі премьер-лига жолдамасына “қол соза” алмайды. Яғни алты команда қалады. Осы алтаудың екеуі – Оңтүстік Қазақстан облысынан. Келесі жылы ҚР премьер-лигасында осы облыстан үш немесе екі команда ойнайтын болады дегенге сену қиын...

Қазіргі экономикалық жағдайда әр облыс премьер-лига додасына бір команданы әзер жасақтап, шығарып отыр. Жоғары тобымызда өзгелермен тайталаса алатын команданы қаржыландырып отыру мүлде оңай емес. Көп қаражат керек. Сондықтан «Мақтаарал» мен «Қыран» премьер-лигада ойнауға мүдделі бола қояр ма екен?!    

Рас, бізде ондай жағдайлар болған. Бір облыстан екі команда премьер-лигада ойнаған. Бірақ олардың ғұмырлары ұзаққа созылған емес. Әрі кетсе, бір жылдан кейін «біріктіру», «екі командадан бір клуб шығару» сияқты “келелі” шешімдер шығарылады...

Бәлкім, оңтүстікқазақстандықтар келіспес, бірақ 2018 жылы бір облыстан екі немесе үш команда премьер-лигада ойнайды дегенге илану мүмкін емес сияқты. Кім біледі, бәлкім, 10 шақты жылдан кейін сондай дәрежеге жетіп те қалармыз...

Сондай-ақ, бұл екеуіне «Екібастұз» командасын да қосуға болады. Премьер-лигада Павлодар облысынан «Ертіс» бар. Төрт құбыласы тең емес. Қаржы тапшылығын басынан кешіріп жүрген команда. Өткен маусымның аяғында футболшыларына жалақыларын уақытында төлей алмаған да сияқты еді...

Оңтүстік Қазақстан облысының екі командасы туралы кесіп айта алмаймыз, бірақ «Екібастұз» әзірше премьер-лига жайлы ойламайтын да шығар. Әрі биылғы маусым басталған бетте екі ойында ұтылып, әлден аутсайдер кейпін киді...

"Жетісу", "Қызыл-Жар" және "Каспий"

Сөйтіп, тоғыздан қалған алты команданың тағы үшеуін шегеріп тастауға мәжбүрміз. Үшеу қалмай ма? Олар – «Жетісу», «Қызыл-Жар» және «Каспий». Сонда қалай? Премьер-лиганың үш жолдамасын осы үш команда сарапқа сала ма? Әлде біздің болжамымызды теріске шығарып, «Қыран» төртінші болып қосыла ма?

Неге биыл екі команда шығып, үшіншісі «өтпелі матчта» бақ сынайды? Не себепті осындай шешім қабылданған? Жылдағыдай жеңімпаз тікелей шығып, екінші орын алған команда премьер-лигада 11-орын алған командамен қосымша жолдаманы сарапқа салса, болмай ма? Әлде, әйтеуір бір өзгеріс енгізу қажет болды ма екен?


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика