Вернуться к списку статей

"Ертіс" "Таразды" жеңіп, Премьер-лига көшін бастады

Футбол
1K
Бірінші таймы бір сыдырғы өткен Павлодардағы «Ертіс» – «Тараз» кездесуінің екінші таймында «дауыл тұрып», көрермендер барлығы жеті голдың куәсі болды.

Бұл осы маусымның ең нәтижелі матчы еді. Ал «Ертіс» турнир кестесінде көш бастады.

Бірінші тайм тып-тыныш басталғанымен бәрін «Тараздың» сұрмергені, әрі осы ойындағы капитаны Руслан Мухаметшин «бұзды». Үнемі оң қапталдан асырылатын пастарды аңдып жүретін ресейлік легионер тағы да баспен гол соғып, қонақтарды алға шығарды. Сол-ақ екен, өткен турдан бері адам танымастай өзгеріп кеткен Александр Кислицын допты тура Фонсеканың басына салып берді. Осылайша, үзіліске командалар 1:1 есебімен тарқасты.

Ал екінші таймда алаң иелері қарқындарын күшейтті. Бастапқыда керекуліктер тарапынан борандатқан шабуылдарға «Тараз» қорғаушылары әжептеуір қарсылық көрсетіп жатты. Бірақ, 59-шы минутта қақпашысы Владимир Логиновскийдің жүйкесі сыр беріп, Аслан Дарабаевтың алыстан тепкен добын ұстап тұрып, қолынан шығарып алды. 

Осыдан кейін Логиновскийден маза кетті. Болмашы сәттерде баланың қателігін жіберіп, Асланның тағы бір добын қақпасынан алып шығуға мәжбүр болды. Алыстан тебу Максим Фещуктің де қолынан, нақтысын айтқанда аяғынан келеді екен, алаң ортасынан сәл асып, қақпаға шірене бағыттаған еді, мұндайды күтпеген Давид Лория допқа кеш секірді. 

Алайда, бұл «Тараз» футболшыларының осы ойындағы соңғы голы еді. 78-ші минутта ойынға тыңнан қосылған Пиралы Әлиев қорғаушының аяғындағы допты жұлып алып, Логиновский қақпасына төртінші голды соқса, тағы бір жаңа қосылған шабуылшысы Франк Джа Джедже қарсыластарын бұйым құрлы көрмей алдап өтіп, кездесуге нүкте қойды.

Осылайша турнир кестесінде «Ертіс» жеке-дара көш бастап тұр. «Тараз» алты ойыннан кейін 5 ұпаймен 10-шы сатыға орналасты.

«Ертіс» (Павлодар) – «Тараз» 5:2

Ескертулер: Дарабаев 8, Родриго 25.

Голдар: Мухаметшин, 17 (0:1). Фонсека, 20 (1:1). Дарабаев, 59 (2:1). Дарабаев, 64 (3:1). Фещук, 67 (3:2). Әлиев, 78 (4:2). Джедже, 82 (5:2).

«Ертіс»: Лория, Фонсека (Смаилов 87), Живкович, Родриго, Ткачук, Двали, Фофана (Джедже 79), Кислицын, Воротников, Дарабаев, Шабалин (Әлиев 72).

Резерв: Калмыков, Калинин, Чернышов, Жұмасқалиев, Попов, Бандо.

«Тараз»: Логиновский, Эргашев, Диара, Фещук, Мухаметшин, Горбанец, Миюшкович, Әмірханов, Молтусинов, Таубай (Райымбек 84), Қожамберді (Байжанов 78).

Резерв: Сатубалдин, Қарпық, Азовский, Нұралы, Сейдахмет, Зайнутдинов, Шипицын.

Төрешілер: Тевяшов (Орал), Тихонюк (Ақтөбе), Бейжанов (Петропавл).

Павлодар қаласы. Орталық стадион.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика