Ұлттық құрамамыз ФИФА-ның мемлекетаралық (ұлттық құрамалар арасындағы) рейтінгісінде жоғары көтеріле алмай жүргенімен, клубтарымыз УЕФА-ның коэффициенттік тізімінде «өгіз аяңмен» болсын, ілгері өрлеп келеді.
Негізі, Еурокубок додаларының биылғы маусымы әлі аяқталған жоқ. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы тек ширек финалдық кезеңіне жетті. Бірақ қос лигада да жартылай финалға шығу құқығын УЕФА-ның коэффициенттік рейтингісінде 13-орынға дейін орналасқан елдердің командалары сарапқа салады.
Атап айтқанда, аталған екі лиганың ширек финалында мына елдердің клубтары бақ сынайды: Испания (1-орында) – 6 клуб, Германия (2-орында) – 3 клуб, Англия (3-орында) және Португалия (5-орында) – 2 клубтан, Франция (7-орында), Украина (8-орында) және Чехия (13-орында) – 1 клубтан.
Бұл дегеніңіз, енді УЕФА-ның коэффициенттік тізімінің жоғары жағында ғана өзгерістер болуы мүмкін де, 13-орыннан төмен тұрғандар енді сол орындарынан тапжылмайды. Яғни Қазақстан да келесі Еурокубоктық маусымға дейін 28-орыннан қозғалмайды. Сондықтан өз клубтарымыздың Еурододалардағы көрсеткіштерін 2016 жылға дейін қорытындылай беруімізге болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2002 жылы 25 сәуірде УЕФА құрамына қабылданып, Еурокубоктарға осы жылдан бастап қана қатыса бастады. Яғни біздің елдің клубтары 2002/2003 жылдар маусымын бастап қосылды.
Енді осы маусымнан бастап Қазақстан клубтарының қалай жоғары өрлегеніне зер салайық:
2003 жыл: 50-орын (0,500 коэффициент) +
2004 жыл: 50-орын (0,666) =
2005 жыл: 50-орын (0,666) =
2006 жыл: 49-орын (1,666) ↑
2007 жыл: 45-орын (2,332) ↑
2008 жыл: 45-орын (2,582) ↑
2009 жыл: 44-орын (3,249) ↑
2010 жыл: 42-орын (4,499) ↑
2011 жыл: 41-орын (4,374) ↑
2012 жыл: 40-орын (5,333) ↑
2013 жыл: 38-орын (5,958) ↑
2014 жыл: 34-орын (8,250) ↑
2015 жыл: 32-орын (10,375) ↑
2016 жыл: 28-орын (14,125) ↑
Өздеріңізде байқап отырған боларсыздар, Қазақстан клубтары бұл тізімде жоғарылап келеді. Әсіресе, соңғы үш жылда қарыштай түскенін байқаймыз. Егер, Еурокубоктарда ел намысын қорғайтын клубтарымыз соңғы үш-төрт жылдағы қарқындарынан жаңылмаса, онда 2017 жылда 25-орыннан асып түсіп, 2018 жылы алғашқы жиырмалыққа енуіміз әбден мүмкін....
Бұл сөздеріміз түсінікті болу үшін, әр жылда (маусымда) орта есеппен еншілеген коэффициентік ұпайларымызға көз жүгіртейік:
2002-2003 жылдар маусымы: 0,500 +
2003-2004 ж.м: 0,166 ↑
2004-2005 ж.м: 0,000 ↓
2005-2006 ж.м: 1,000 ↑
2006-2007 ж.м: 0,666 ↓
2007-2008 ж.м: 0,750 ↑
2008-2009 ж.м: 0,833 ↑
2009-2010 ж.м: 1,250 ↑
2010-2011 ж.м: 0,875 ↓
2011-2012 ж.м: 1,625 ↑
2012-2013 ж.м: 1,375) ↓
2013-2014 ж.м: 3,125) ↑
2014-2015 ж.м: 3,375 ↑
2015-2016 ж.м: 4,625 ↑
2016-2017 ж.м: ???
Ескерте кетейік, Еурокубок додаларының рейтингісі соңғы бес жылдың (маусымның) коэффициенттік ұпайларының қосындысы ретінде түзіледі. Мысалы, қазір біздің елдің 14,125 ұпайы бар. Бұл соңғы бес маусымдағы коэффициенттік көрсеткіштердің қосындысы: 1,625 + 1,375 + 3,125 + 3, 375 + 4,625 ═ 14,125.
Яғни соңғы екі жылда аз коэффициенттерімізден (1,625 және 1,375) арылып, маусым сайын 3-4 ұпайдан еншілеп отырсақ, Еурокубок додаларының рейтингісінде шамамен 20 ұпай олжалап, алғашқы жиырмалыққа енеміз. Әрі соған тілектеспіз һәм сенеміз...