Бірінші лигадан төрт команда сұрыпталып шықты
Биыл Қазақстан кубогының алғашқы кезеңі жылдағыдан өзгеше өтті. Әуелі бірінші лигадағы тоғыз команда үшке тең бөлініп, өзара додаға түсті. Бірінші лигада ойнайтын командалардың ішінде ел кубогына қатыспағаны – «Бәйтерек» қана...
Сонымен, наурыздың аяғында бірінші лиганың тоғыз командасы Шымкентте, дәлірек айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысындағы стадиондарда үш топқа бөлініп, сынға түсті. Үш топта әр команда екі ойыннан өткізіп, ел кубогының алғашқы кезеңі төмендегідей болып аяқталды:
І-топ: «Қызылжар» – 6 ұпай, «Шахтер-Болат» – 1, «Байқоңыр» – 1.
ІІ-топ: «Алтай» – 3, «Каспий» – 3, «Екібастұз» – 3.
ІІІ-топ: «Қайсар» – 4, «Мақтаарал» – 2, «Қыран» – 1.
Бекітілген регламент бойынша, әр топта бірінші орын алған командалар мен екінші орын алған командалардың ішіндегі техникалық көрсеткіші жоғарысы ел кубогының 1/8 финалына шықты. Атап айтқанда, «Қызылжар», «Алтай» және «Қайсар» өз топтарының жеңімпаздары мәртебесінде, ал «Каспий» екінші орын алған командалардың ішіндегі үздігі ретінде келесі кезеңге өтті.
Жеребе тартылып, сегіз жұп түзілді
Содан соң Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының кеңсесінде жеребе тартылып, 1/8 финалында кездесетін жұптар түзілді:
«Оқжетпес» – «Тараз»
«Қайрат» – «Шахтер»
«Атырау» – «Алтай»
«Ақжайық» – «Ертіс»
«Тобыл» – «Қызыл-Жар СК»
«Астана» – «Каспий»
«Ордабасы» – «Қайсар»
«Ақтөбе» – «Жетісу»
Ел кубогының 1/8 финалы сатысындағы ойындар 27 сәуір күні, әр жұпта бірінші жазылған команданың алаңында өтеді. Бұл кезеңдегі дода бір-ақ ойыннан тұрады, яғни қарымта матч өткізілмейді. Бір матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда ширек финалға шығады.