Шымкенттегі шытырман матч
Жалпы, ТБК-ның кешегі отырысында сегіз матчқа байланысты жағдайлар талқыланған. Бәрін тізіп қайтеміз, қысқасы, «Атыраудың» «Тобыл» футбол клубына байланысты арызы қанағаттандырылмады. Тәртіптік-бақылау комитеті қостанайлық команданың Атырауға жете алмағанын шынымен де форс-мажорлық жағдай деп тауыпты. Бұдан бөлек, Қазақстан кубогының іріктеу кезеңіндегі «Қыранмен» болған ойында футболшылары бес «сары қағаз» алғаны үшін «Қайсар» футбол клубына 75 000 теңге айыппұл салынған. Бірақ бәрінен де «Ордабасыға» қиын болды. Алғашқы екі тур ішінде шымкенттік команда бас бапкері Бақтияр Байсейітовке салынған айыпақыны есептегенде барлығы 1 400 000 теңге айыппұл төлейтін болды.
Естеріңізге сала кетейік, ел чемпионатының 2-туры аясында Шымкентте өткен «Ордабасы» – «Астана» кездесуінің 70-минутында Бақтияр Байсейітов техникалық аймақтан шығып, алаңға кіріп кетеді. Мұндайды әлбетте ешкім күткен жоқ. Дереу есін жиған резервтегі төреші жүгіріп барып тоқтатқанда, көрермендер де делебелері қозып, қиқуланып үлгерген еді. Боқтық сөздерден бөлек, алаңға жартылай босаған бөтелкелер мен бос шөлмектер ұшып жатты. Ал ойын 1:3 есебімен «Астананың» пайдасына аяқталды.
Тәртіптік-бақылау комитеті аямады
Кешегі мәжілісте «Ордабасы» футбол клубы мен Бақтияр Байсейітовке қатысты санкцияларды Тәртіптік-бақылау комитеті былай тұжырымдапты:
Премьер-лига
1-тур
«Ордабасы» – «Ақтөбе»
Интернет трансляцияны ұйымдастыру талаптарын бұзғаны үшін «Ордабасы» футбол клубына 150 000 (жүз елу мың) теңге айыппұл салынсын.
2-тур
«Ордабасы» – «Астана»
«Ордбасы» футбол клубының бас бапкері Бақтияр Байсейітовке мынадай санкциялар қолданылсын:
- Көрермендерді арандатқаны үшін екі ойынға алаңнан аластатылып, 300 000 (үш жүз мың) теңге айыппұл салынсын. Бақтияр Байсейітовтің дисквалификация мерзімі 2016 жылдың 21 наурызынан басталсын.
- Төрешінің рұқсатынсыз техникалық аймақтан шығып кеткені үшін 150 000 (жүз елу мың) теңге айыппұл салынсын.
- Ойын барысына араласқаны үшін 200 000 (екі жүз мың) теңге айыппұл салынсын.
«Ордабасы» футбол клубына мынадай санкциялар қолданылсын:
- Ойын кезінде көрермендердің трибунаға, алаңға және алаңға қатысты аймақтарға бөгде заттар лақтырғандары үшін 300 000 (үш жүз мың) теңге айыппұл салынсын.
- Көрермендердің бейәдеп сөздерді ұрандатып, қорлау сөздерін жаудырғандары үшін 300 000 (үш жүз мың) теңге айыппұл салынсын.
Бас бапкер не дейді?
Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімінен кейін «басты айыптының» пікірін білу үшін Бақтияр Байсейітовтің телефон нөмірін теріп, Шымкентке қоңырау соққанбыз.
– Сіз алаңға шыққаннан кейін жанкүйерлер де шулап, төрешіге былапыт сөздер жаудырып, алаңға бөтелкелер лақтырды ғой.
– Дұрыс түсініңіздер, мен көрермендерді арандатқым келген жоқ. Бәлкім, олар төрешілердің бұған дейінгі әрекеттеріне көңілдері толмаған шығар. Мұны менің алаңға шығып кетуіммен байланыстырмағандарыңыз жөн. Әлбетте, клубқа айыппұл салынғаны өкінішті.
– Демек, сіз өзіңізден кеткен ағаттықты мойындайсыз ғой?
– Әрине, мойындаймын. Бұл әлемнің мықты жаттықтырушыларының барлығына тән әрекет. Әйгілі сэр Алекс Фергюссон да, Жозе Моуриньо мен Хосеп Гвардиола мұндайды бастан өткерген. Мен де солар секілдімін. Бұл да футболдың бір бөлшегі. Дегенмен, Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі тым қатал болды. Кішкене жұмсақтық танытуларына болар еді. Ал біз «Астананы» енді түзде жеңуге тырысамыз.